Свейхан (Әбу-Даби әмірлігі) қаласында министр азиялық дуадақтарды (chlamidotis macqueenii) өсірумен айналысатын Құстарды зерттеу жөніндегі Ұлттық орталыққа барды.
Орталықта Н. Қаппаров құстардың өсірілу жағдайларымен, қоректендіру рационымен, сондай-ақ, дуадақтарды табиғат аясына жіберудің алдында транзиттік пункт ретінде қолданылатын уақытша «тоннельдермен» танысты. Бұл жерде құстар өз бетімен қорек тауып, табиғи орта жағдайларына бейімделеді.
Халықаралық дуадақтарды қорғау қоры (ХДҚҚ) өкілдерімен өткен кездесу барысында Н. Қаппаров табиғатты қорғау саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде ғылыми қарым-қатынастар аясын одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар сондай-ақ, Қазақстанда (Шығыс Қазақстан облысы аумағында) Біріккен Араб Әмірліктерінде өсірілген ителгілерді табиғат аясына жіберу жөніндегі 5 жылдық өзара әрекеттесудің сәтті өткізіліп жатқандығын атап өтті.
Дуадақтың табиғаттағы популяцияларының санын көбейту және мәдени мұраны сақтау мақсатында Әбу-Даби әмірлігінің үкіметі осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын дуадақтарды қорғау жөніндегі бағдарламаны іске асыра бастады. Бағдарламаға дуадақтарды өсіру және оның табиғи ареалын құрайтын елдерде ерікке жіберу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы құрылған Халықаралық дуадақтарды қорғау қоры басшылық етеді.
ХДҚҚ Марокко мен БАӘ-дегі 3 тәлімбақты басқарып, 40000 астам дуадақ өсірді. 2012-2013 жылдары табиғат аясына 18000 жуық құс жіберілді. Дуадақтарды қолдан өсіру бағдарламасының басынан жалпы 160000 астам құс өсіріліп, 75000 дуадақ ерікке жіберілді.
«Қазақстан — өрістейтін дуадақтардың ең үлкен бөлігінің мекендейтін жері. Көп жылғы ынтымақтастық нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шаян селосында мамандандырылған тәлімбақтың құрылысы жүргізілуде. Бұл жердегі уақытша қондырғылар 2008 жылы құрылып, 2010 жылы дуадақтың алғашқы балапандарын шығарған болатын. 8 ғимаратты құрайтын тәлімбақ құрылысының бірінші кезеңі 2012 жылы аяқталды. Жобаның екінші кезеңі келесі жылы аяқталмақ. Қазақстанда азиялық дуадақты өсіру жоспары жылына 5000 құсты құратын болады», — делінген баспасөз хабарламасында.