Бұл — «Мың бір түн» ертегілер желісімен дайындалған спектакль. Тұсаукесері 29 сәуір күні Экс-ан-Прованс қаласында жерорта теңізі елдері мәдениеті тақырыбындағы «Марсель-Прованс 2013: еуропалық мәдени астана» фестивалінде өткен. Қойылымда қолданылған музыканың авторлары — сазгерлер Наташа Атлас және Сами Бишай, ал костюмдерін дайындаған — дизайнер Аззедин Алайя.
"Түндер" спектаклін қоюда денелер белгіге, тіпті сезімдер мен мінездердің каллиграфиясына айналып, бізге Шығыстың жұмбақ құпиясына одан сайын жақындай түсуге мүмкіндік береді», — дейді спектакль туралы Анжелен Прельжокаж.
Анжелен Прельжокаж — қазіргі заман биі бойынша көпшілікке жақсы танылған француз бишісі. Оның «Мың бір түн» ертегісінің негізімен, өзінше авторлық интерпретациясымен қойылған «Түндер» спектаклі көрерменді ерекше сезімге бөлейді. Спектакль 14 жастан асқан балаларға және ересектерге ұсынылады.