"Құрылтайдың тиімділігі халықтың сенімімен өлшенеді": Саясаттанушы реформаның мәнін түсіндірді - kaz.caravan.kz
  • $ 476.07
  • 541.86
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Құрылтайдың тиімділігі халықтың сенімімен өлшенеді": Саясаттанушы реформаның мәнін түсіндірді

"Құрылтайдың тиімділігі халықтың сенімімен өлшенеді": Саясаттанушы реформаның мәнін түсіндірді

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін еліміз екі палаталы Парламенттен бас тартып, заң шығару қызметін бір палаталы Құрылтай жүзеге асыратын жаңа жүйеге көшті. Жаңа институттың жұмысына қоғам үлкен үміт артып отыр. Сарапшылардың айтуынша, азаматтар үшін Құрылтайдың жаңа атауы немесе құрылымы емес, оның нақты нәтижесі маңызды.

  • 27 Шiлде
  • 202
Фото: Борис Поломарчуктың жеке мұрағатынан

Мемлекет халықтың үнін бұрынғыдан жылдам ести ме? Заң шығару үдерісі тиімді бола ма? Ал реформаның табысты болғанын қандай жұмыстар арқылы бағалауға болады? Caravan.kz медиа порталының тілшісі осы және өзге де мәселелер жөнінде саясаттанушы, Павлодар облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчукпен әңгімелесті.

Фото: ЖИ

Құрылтай не үшін қажет болды?

Мұндай ауқымды реформаның не үшін қажет болғаны қазір қоғамда жиі талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Сарапшының пікірінше, көпшілік өзгерісті «екі палатаның орнына бір палата қалды» деген қарапайым түсінікпен қабылдайды. Шын мәнінде, мәселе палаталардың санына емес, мемлекеттік шешім қабылдау логикасына қатысты. 

«Мұны қарапайым мысалмен түсіндіруге болады. Үлкен өзен бір ғана арнамен ағатын болса, су өз мақсатына әлдеқайда жылдам жетеді. Ал егер оның жолында көптеген жасанды арналар, бөгеттер мен кедергілер болса, ағыс баяулайды, тіпті судың бір бөлігі жолда жоғалып кетеді», – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесі де осы ағынға ұқсайды. Кез келген бастама: жаңа заң болсын, әлеуметтік мәселені шешу немесе бизнесті қолдау туралы шешім болсын, қоғамның сұранысынан бастап нақты нәтижеге дейін белгілі бір жолдан өтеді. Аталған жол қаншалықты ұзақ әрі күрделі болса, шешімнің кешігуі, өзгеруі немесе мүлде өзектілігін жоғалту қаупі де соншалық жоғары болады.

Сондықтан бір палаталы Құрылтайға көшудің басты мақсаты — осы жолды барынша қысқартып, заң шығару үдерісін анағұрлым түсінікті әрі жедел ету. Әсіресе қазір әлемдегі өзгерістер өте жылдам жүріп жатқан заманда, мемлекет те шешімдерді дер кезінде қабылдай білуі қажет.

«Маңыздысы — палата саны емес, шешімнің сапасы»

Дегенмен, саясаттанушының пікірінше, кез келген институционалдық реформаның өз ерекшелігі бар. Билік құрылымын өзгертуге, өкілеттіктерді қайта бөлуге немесе рәсімдерді жаңартуға болады. Алайда бұл өзгерістердің нақты нәтижесі қоғамның саяси мәдениетіне де тікелей байланысты.

«Билік құрылымын өзгертуге, өкілеттіктерді қайта бөлуге немесе рәсімдерді жаңартуға болады. Алайда саяси мәдениет өзгермесе, депутаттардың жауапкершілігі артпаса және қоғамның өзі белсенді болмаса, азаматтар бұл реформаның нәтижесін сезіне қоймайды», — дейді Борис Поломарчук.

Оның пікірінше, қазір маңыздысы Парламентте қанша палата бар деген сұрақ емес.

«Мемлекет халықтың үнін бұрынғыдан жылдамырақ ести ала ма, қажетті шешімдер дер кезінде қабылдана ма және олардың орындалуына жауапкершілік алады ма? Жаңа Құрылтайдың жұмысы дәл осы өлшемдер арқылы бағаланатын болады», — дейді сарапшы.

Ол бұл ойды қарапайым тұрмыстық мысалмен де түсіндіреді.

«Үйдің ішкі жоспарын қанша жерден өзгертсеңіз де, егер отбасы мүшелері бір-бірін тыңдамаса, үйде жайлы өмір орнамайды. Саяси институттарда да дәл солай. Реформаның басты құндылығы — жаңа атау немесе жаңа құрылым емес, мемлекеттің шешімді жылдам әрі сапалы қабылдап, оны азаматтардың мүддесіне сай жүзеге асыра алуында».

Қоғам енді уәде емес, нәтиже күтеді

Саясаттанушының айтуынша, бүгінгі қоғамның сұранысы бұрынғыдан мүлде өзгеше.

«Бүгінгі таңда адамдар өз мәселелерінен бұрын, сол мәселелердің ұзақ уақыт бойы шешілмеуінен шаршады. Бұрын қоғамға “қарастырамыз”, “жұмыс тобын құрамыз”, “мәселені зерттейміз” деген жауаптар жиі айтылатын. Қазір мұндай сөздер адамдарды қанағаттандырмайды. Өйткені қоғамның сұранысы өзгерді. Азаматтарды процестің өзі емес, нақты нәтиже қызықтырады», — дейді ол.

Саясаттанушылар мұны «қара жәшік» қағидаты деп атайды. Яғни адамдар мемлекеттік шешімнің қалай қабылданатынын, қанша комиссия жиналғанын немесе қанша кеңес өткенін емес, оның өз өміріне қалай әсер ететінін бағалайды. Сондықтан, бүгінгі қоғамның басты талабы да өте қарапайым — мемлекет адамға жақын болуы керек.

«Азамат мемлекеттік жүйеге бейімделмеуі тиіс, керісінше мемлекеттік институттар халықтың нақты қажеттілігіне тез әрі тиімді жауап бере алуы қажет», — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, кәсіпкерлікті қолдау туралы заң қабылданса, кәсіпкер оның нәтижесін бірнеше жылдан кейін емес, жақын уақытта сезінуі керек. Егер мемлекет әлеуметтік әділеттілік туралы айтса, ол тек саяси мәлімдемелерде емес, соттардың, әкімдіктердің, мектептердің, ауруханалардың және құқық қорғау органдарының күнделікті жұмысында көрініс табуы тиіс.

Сондықтан бүгін адамдар мемлекетті қабылданған заңдардың санымен емес, өздерінің күнделікті өмірлік тәжірибесі арқылы бағалайды. Кәсіп ашу қаншалықты жеңіл болды? Мемлекеттік қызметті қанша уақытта алды? Құқықтары қорғалды ма? Мемлекеттік органдар қаншалықты ашық әрі адал жұмыс істейді? Қоғам үшін ең маңызды көрсеткіштер осылар.

Тағы бір маңызды мәселе — тұрақтылық пен болжамдылық. Азаматтар заң бәріне бірдей қолданылатынын және қабылданған шешімдердің міндетті түрде орындалатынын көргісі келеді. Дәл осы қағида қоғамда әділдік сезімін қалыптастырып, адамдардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырады.

«Сенімді ешқандай заңмен қалыптастыру мүмкін емес»

Борис Поломарчуктың пікірінше, жаңа институттың алдында тұрған ең күрделі міндеттердің бірі — қоғамның сенімін қалыптастыру.

«Сенімді ешқандай заңмен немесе жарлықпен қалыптастыру мүмкін емес. Оны “бүгіннен бастап халықтың сенімі 95 пайыз болады” деп жариялай алмайсыз. Сенім тек мемлекет өз сөзіне жауап бергенде, айтқаны мен істегені сәйкес келгенде ғана қалыптасады», — дейді ол.

Сондықтан жаңа Құрылтайдың басты міндеті тек сапалы заң қабылдау емес.

«Оның ең маңызды миссиясы — мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді біртіндеп қалпына келтіру. Егер бірнеше жылдан кейін адамдар “бізді шынымен ести бастады” деп айта алса, онда бұл реформаның өз мақсатына жеткенін білдіреді».

Парламент заң шығаратын типография емес

Борис Поломарчуктың пікірінше, жаңа Құрылтайдың бұрынғы Парламенттен басты айырмашылығы оның жұмысын бағалау тәсілінен көрінуі тиіс.

Оның айтуынша, бұрын Парламенттің жұмыс қорытындылары шығарылған кезде депутаттар көбіне қанша заң қабылданғанын, қанша заң жобасы қаралғанын айтып есеп беретін. Осы жолы да қабылданған құжаттардың саны туралы айтылды. Әрине, кейбір депутаттар белгілі бір заңдардың қоғам үшін маңыздылығына да тоқталып өтті. Дегенмен жалпы алғанда жұмыстың тиімділігі сандық көрсеткіштермен бағаланды.

Саясаттанушы бұл тәсілді өзгертудің уақыты келгеніне сенімді.

«Парламент — заңдарды қабылдап, шығара беретін типография емес. Заңдардың көбеюі ел өмірінің автоматты түрде жақсарғанын білдірмейді. Кейде бір ғана сапалы заң миллиондаған адамның тағдырын өзгерте алады. Ал жүздеген құжат қабылданғанымен, олардың ешқайсысы қоғам өміріне нақты әсер етпеуі мүмкін. Кей жағдайда мұндай заңдардың кері салдары да болуы ықтимал», — дейді Борис Поломарчук.

Оның пікірінше, Құрылтай заңдардың санымен жарысудан бас тартуы керек. Оның жұмысының басты көрсеткіші — өткізілген отырыстардың немесе қабылданған заңдардың саны емес, шешімін тапқан мәселелердің саны болуы тиіс. Сарапшы мұны медицина саласындағы қарапайым қағидамен салыстырады.

«Дәрігерлердің “талдауды емес, науқасты емдеу керек” деген қағидасы бар. Мемлекеттік басқаруда да дәл солай болуы керек. Мемлекет әдемі статистика үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет», — дейді саясаттанушы.

Танымал болу мен кәсіби құзыреттілік — екі түрлі ұғым

Бұл жолғы сайлауға өнер, мәдениет, спорт және шоу-бизнес өкілдері көптеп қатысып жатыр. Бұл мәселеге қатысты да Борис Поломарчук өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, мұндай үрдіс Қазақстанға ғана тән емес.

«Ең алдымен, танымал тұлғалардың саясатқа келуі Қазақстанға ғана тән құбылыс емес. Мұндай тәжірибе көптеген демократиялық мемлекеттерде бар. Саяси партиялар қоғам арасында танымал, белгілі бір аудиторияның сеніміне ие адамдарды өз қатарына қосуға тырысады. Өйткені мұндай тұлғалар қоғамның назарын саяси күн тәртібіне аудара алады».

Сонымен бірге ол партиялық тізімге ену автоматты түрде Құрылтай мүшесі болуды білдірмейтінін еске салды. Пропорционалды сайлау жүйесінде бәрі партияның қанша дауыс алғанына, кандидаттың тізімдегі орнына және партияның мандаттарды қалай бөлетініне байланысты. Сондықтан әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан танымал адамдардың барлығы бірдей Құрылтай құрамына өтеді деу дұрыс емес. Оның үстіне олардың басым бөлігі мұндай мақсат қоймауы да мүмкін. Өйткені депутаттық қызмет — үлкен жауапкершілік. Тіпті қаржылық жағынан да көптеген өнер адамдары, блогерлер немесе тележүргізушілер депутаттық қызметтен әлдеқайда көп табыс табады.

Сарапшы әлемдік тәжірибеде танымал тұлғалардың партияға сайлауда қолдау көрсетіп, кейін депутаттық мандат алмауы жиі кездесетінін айтады. Алайда бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Оның пікірінше, танымалдық адамның мемлекеттік басқаруға дайын екенін білдірмейді.

«Адам мыңдаған көрермен жинап, толық стадионда концерт өткізе алады. Бірақ бұл оның мемлекеттік бюджетті қалыптастыра алуы немесе күрделі заң жобаларын әзірей алатынын білдірмейді».

Сонымен қатар саясаттағы мол тәжірибенің өзі де тиімді шешім қабылдауға әрдайым кепіл емес. Тарихта ұзақ жыл саясатпен айналысып, бірақ елін дағдарысқа немесе соғысқа алып келген саясаткерлер аз болған жоқ.

Саясаттанушының айтуынша, саясат — сахна емес.

«Егер әртіс белгілі бір рөлді екі сағат ойнай алса, Құрылтайда бес жыл бойы рөл ойнап жүру мүмкін емес. Бұл жерде күн сайын заңдармен жұмыс істеу керек, бюджетті талдау қажет, халықаралық келісімдерді қарастыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау, азаматтардың өтініштеріне жауап беру міндеті тұр».

Сондықтан, оның пікірінше, сайлаушы танымал есімге емес, адамның жауапкершілік ала білуіне, күрделі мәселелерді түсінуіне және миллиондаған адамның өміріне әсер ететін шешімдерді қабылдай алу қабілетіне дауыс береді.

«Міне, медиадағы танымалдық пен шынайы мемлекеттік қызметтің арасындағы басты айырмашылық осы», — дейді маман.

Құрылтайдың тиімділігі немен өлшенеді?

Борис Поломарчуктың пікірінше, алғашқы жыл жаңа институттың өміршеңдігін сөзбен емес, нақты іспен дәлелдейтін кезең болуы тиіс. Оның айтуынша, Құрылтайдың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі бұрынғыдан әлдеқайда маңызды. Ол заң қабылдап қана қоймай, елдің дамуындағы стратегиялық мәселелерге ықпал етеді, мемлекеттік лауазымдарға қатысты шешімдерге қатысады және парламенттік бақылауды жүзеге асырады.

Сондықтан қоғам оның алғашқы айларынан-ақ кәсібилік пен жауапкершілікті күтеді. Сарапшының пікірінше, бірінші кезекте заңдардың сапасы маңызды.

«Егер жаңа заңдардың нәтижесінде кәсіп ашу жеңілдесе, жас отбасылар үшін баспанаға қолжетімділік артса немесе мемлекеттік қызметтерді алу оңайласа, бұл Құрылтай жұмысының нақты нәтижесі болады».

Екінші маңызды өлшем — парламенттік бақылау.

«Депутаттар заң қабылдап қана қоймай, оның қалай орындалып жатқанын бақылауға міндетті. Өйткені жақсы идеялардың өзі көбіне іске асыру кезеңінде өз тиімділігін жоғалтады. Сондықтан Құрылтай Үкіметке күрделі әрі ыңғайсыз сұрақтар қоя білуі, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін талдап, анықталған мәселелердің шешілуіне ықпал етуі керек. Сонымен қатар бюджет қаражатының әр теңгесінің тиімді жұмсалуын бақылау — парламенттің ең маңызды міндеттерінің бірі».

Үшінші өлшем — өңірлермен байланыс.

Бұрын бұл міндеттің бір бөлігін Сенат атқаратын. Енді Құрылтай Қазақстанның барлық өңірінің үнін жеткізетін алаңға айналуы қажет. Өйткені Павлодардағы мәселе Маңғыстаудағы немесе Қызылордадағы жағдайдан мүлде өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан заң шығару бастамалары тек Астанадағы кабинеттерде емес, өңірлердегі халықпен кездесулер барысында қалыптасуы тиіс.

Тағы бір маңызды көрсеткіш — қоғамның мемлекетке деген сенімі.

«Егер бір жылдан кейін адамдар мемлекеттің мәселелерге бұрынғыдан жылдамырақ әрекет ете бастағанын, азаматтардың өтінішіне тиімді жауап беретінін және бюджет қаражатын ашық әрі ұқыпты жұмсайтынын сезінсе, онда реформа өз нәтижесін берді деуге болады».

Саясаттанушының пікірінше, тиімді парламент қабылданған заңдардың санымен де, мәжіліс залындағы микрофондардың көптігімен де өлшенбейді.

«Оның жұмысы мемлекет халыққа қаншалықты жақындай алғанымен бағаланады. Егер Құрылтай адамдарға биліктің шынымен халыққа қызмет ететініне және өз шешімдері үшін жауап бере алатынына деген сенімді қайтара алса, бұл оның алғашқы жұмыс жылының ең үлкен жетістігі болмақ», — деп түйіндеді Борис Поломарчук.