Отырыс барысында екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша қазақ-қырғыз өзара іс-қимылының көкейкесті мәселелері талқыланды.
Тараптар су-энергетикалық, қаржы-инвестициялық сфералардағы, агроөнеркәсіптік кешендегі, көлік саласындағы әріптестікті дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын қарады.
С.Ахметов екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беретін бұл іс-шараның маңыздылығын атап көрсетті.
Премьер-Министр «Қазақстан мен Қырғызстанның су-энергетикалық кешен, газ, көлік, ауыл шаруашылығы, экология проблемалары бойынша көкейкесті мәселелерді шешуге ұмтылыстарын атап өтті.
«Бұдан бұрынғы отырыс аясында біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдете түсу бойынша бірлескен жұмыстардың перспективалы бағыттарын айқындадық. Бүгінгі отырыс барысында біз осы тақырыптардың бәрін талқылап, өзара тиімді шешім табамыз деп ойлаймын», — деді С.Ахметов.
Ж.Сатыбалдиев өз кезегінде, «Үкіметаралық кеңес отырысының бүгінгі күн тәртібі көкейкесті және екі елдің әлеуметтік-экономикалық беталысын көрсетеді», — деп атап өтті.
Ж.Сатыбалдиев Қазақстанмен екіжақты әріптестіктің басым салаларын атады. «Біз Қазақстаннан табиғи газ, мұнай және мұнай өнімдерін алуға, су ресурстарын тиімді пайдалану, электр энергиясын экспорттауға, энергия жүйесінің қатар жұмысын қамтамасыз ету саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз»,-деді отырыс барысында Қырғызстан Премьер-Министрі.
Үкіметаралық кеңес қортындысы бойынша Қазақстан Республикасының қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы қаржы министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік Меморандумына, Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесі 4-ші отырысының Хаттамасына қол қойылды.
Келесі, Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 5-ші отырысы 2014 жылы Астанада өтеді.