Ботагөз Құсайынова 2 жыл бұрын осылайша облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алған болатын. Жас маман Щучье аудандық тубдиспансеріне қызметке арнайы шақыртумен келіпті. Бірақ дәрігердің қуанышы ұзаққа бармады. Салтанатты түрде табысталған пәтердің басқа иесі бар екен.
Ботагөз Құсайынова, балалар дәрігері:
— Пәтерді қара сылағымен берді. Қалғанын өзіміз жөндедік. Құжаттарын жасау үшін 2 жыл бойы жүгіріп жүрміз. Осы уақытта 3 әкім ауысты. Енді халыққа қызмет көрсету орталығына барсам, пәтерімнің жаңа қожайыны бар дейді. Бұл не деген сұмдық.
Аудандық әйелдер консультациясының дәрігері Анна Елишеваның да басында тура осындай жағдай. Мемлекеттік бағдарламамен алған пәтерін енді жақында босатуы тиіс. Әріптестері де мұны жас маманға жасалған қысастық деп отыр.
Майра Хасенова, Аудандық әйелдер консультациясының меңгерушісі:
— Онсыз да мамандар жетіспейді. Анна бір өзі екі учаскемен жұмыс істейді. Жылдан жылға бала туу көбейіп жатыр. Ал баспанасынан айырылған маман енді мұнда тұрақтаушы ма еді?! Шешу керек бұл мәселені.
Екі айдан бері қос дәрігер барлық құзырлы орындарға шағымданған. Бірақ, нәтиже жоқ. Өйткені, мердігер «Шабыт СТ» серіктестігі пәтерлерді сатып жіберген. Әкімдіктің өзі енді не істерін білмей қол қусырып отыр.
Айтбек Ықыласов, Бурабай аудандық әкімдігі заң бөлімінің басшысы:
— Шамамыз келгенше соттасып көреміз, меморандум бойынша. Меморандум болды ол кісілер өздері сөйлесті ғой, келісті ғой. Ол кезде подрядчик болды да міне, кілті беріңіз деді. Облыс әкімінің кінәсі не? Алданып қалды, сеніп қалды.
Алдаған мердігер осылайша екі жеп биге шыққан. Сол кезде әкімдікпен меморандумға отырып, жоба бойынша салынған 3 қабатты үйдің орнына 4-ші қабатты өз қаржысына тұрғызған. Мемлекеттің 280 миллион теңгесіне салынған үйге тағы бір қабат қосқан мердігер құрылысқа рұқсат алу үшін екі пәтерді тегін беруге келісім беріпті. Бірақ, кейіннен сөзінен тайқып, пәтерлерді сатып жіберген. Қазір бұл мекеменің басшысы Дәулет Досов ісін Астанада жалғастырып жүр. Ал мемлекеттің үйіне тағы бір қабат қосуға рұқсат берген әкімдіктегілер бармақ тістеп қалды.