Министрдің айтуынша, 1990 жылдардың басында суармалы жерлер аумағы 2,1 млн. гектарды құраған. Бұл барлық егістік алаңының 6,7 пайызы. Сонымен қатар, осы суармалы жерлер өсімдік шаруашылығындағы жалпы өнімнің отыз пайызына жуығын қамтамасыз етіп келген еді. «Қазіргі таңда статистикалық мәліметтер бойынша суармалы жерлер 1,5 млн. гектарды ғана құрайды. Бұл ретте өсімдік шаруашылығындағы өнімнің 5,3 пайызға жуығы ғана қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар, жекелеген облыстарда суармалы жерлер ауқымы күрт қысқарып кетті. Мәселен, Ақмола облысында бұл көрсеткіш 95 пайызды, Қостанай облысында 80 пайызды, Шығыс Қазақстан облысында 60 пайызды құрап отыр. Суармалы жерлерді пайдалану негізінен оңтүстік облыстарда сақталуда. Дегенмен, осы аймақтарда да қысқару баршылық. Мысалы Алматы облысында суармалы жерлер 11 пайызға, Жамбыл облысында 32 пайызға, Қызылорда облысында 23 пайызға, Оңтүстік Қазақстан облысында 16,8 пайызға қысқарып отыр», дейді А. Мамытбеков.