Жаңатас қаласы- ескерусіз қалған тағы бір елді-мекен - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
13 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаңатас қаласы- ескерусіз қалған тағы бір елді-мекен

Жаңатас қаласы- ескерусіз қалған тағы бір елді-мекен

Ескерусіз-елеусіз қалған тағы бір елді-мекен! «Жұртта қалған» жобасы аясында бүгін біз – Жаңатас қаласының жай-күйін сөз етпекпіз. Кезінде Қазақстанның химиялық өңдірісінің негізгі ошағы болған Жамбыл облысындағы бұл шаһар қазір кісі қызығарлық жағдайда емес. Жұрт бұл жерден 90-шы жылдардың басында жаппай қоныс аударған. Көшке ілесе алмай, жұртта қалғандары жұпыны тірлік кешіп жатыр.  

  • 5 Қараша 2013
  • 460
Фото - Caravan.kz

Сұлтан осы Жаңатаста туып-өскен азаматтың бірі. Байырғы тұрғын ретінде іс-сапармен келген біздерге қаланың «ең көрікті» деген жерлерін көрсетуде. Мәселен, мына ғимарат кезінде бүтін Жамбыл облысын нанмен, сүтпен қамтамасыз етіп келген зауыттың орны. Қазір оның қаңырап қабырғасы ғана қалған. 

Десе де кішігірім комбинаттан бөлек Жаңатастың аты Одақ кезінде фосфор өндірумен шыққан болатын. Бірақ қазір зауыттың «бар» деген аты ғана қалмаса, көп бөлігі қираған.   

Сұлтан Тарбердиев, Жаңатас қаласының тұрғыны:

— Қала тұрғындарының 40 пайызы жұмыссыз. Көбі Алматыға, Шымкентке, Атырауға жұмыс іздеп кеткен. 90-шы жылдардың ортасында халықтың көбі көшіп кетті ғой.

Жаңатастың ұлы көшті өткергеннін оның қаңырап, иесіз қалған мына үйлері-ақ көрсетіп тұрғандай. Кезінде мұнда «9 ірі ықшамаудан болған» дегенге сенудің өзі қиын. Бірақ қазір соның үштен бір бөлігінде ғана адам бар. Онда да жарым-жартылай. Ақмарал Шыныбаева сондай бір қаңыраған үйдің тұрғыны. Айналасында аралас-құралас боларлық көршісі де қалмаған.


Ақмарал Шыныбаева, Жаңатас қаласының тұрғыны:

— Шынын айтқанда Шешенстан сияқты. Адам ұялады. Қонақ шақырайын десем ұялам. Алматыдан інілерімді, сіңілілерімді шақыруға ұяламын. Өйткені жан-жағымыздың барлығы бос үйлер, бұзылған барлығы.

Өндіріс тоқтағасын Жаңатас жарықтан, судан, газдан ажыратылған. Жұрт иесіз үйдің темір-терсегін теріп қана күн көруде. Келесін 25 теңгеден өткізеді.

Соңғы санаққа қарағанда, қазір қалада 20 мыңнан астам адам ғана тұрады екен. Бұл кезіндегі көрсеткіштен 3 есеге төмен. Десе де, мұндағылар әлі бір тойдың боларына үмітті. Өйткені Жаңатас 2020 жылға дейін қайта жандануы тиіс 27 моноқала бағдарламасына еніп отыр. Демек жұрттағы жұрттың да жұтаған тіршілігі жанданып, қираған қабырғасы қайта бір қаланары алыс емес.