Бұл туралы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев Алматыда бүгіннен бастап қазақстандық прокаты басталған Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмінің таныстырылу рәсімінде айтты.
«Соңғы жылдары қазақ кинемаграфиясында жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Бұл бұған дейінгі буындардан өзгеше қызықты болып отыр. Олар әртүрлі жанрда, әрқилы тақырыптарды игеріп жатыр. Ахат Ибраев, Әділхан Мейіржанов, Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев, Эмир Байғазин, Фархат Шәріпов сияқты талантты жас режиссерлар бар. Олардың қатарына сондай-ақ, киноөндірістің өзге де мамандары еніп отыр», — дейді Е.Аманшаев. Оның айтуынша, бұл буынның ең көрнекті өкілі Э.Байғазин деуге болады. Өйткені алғашқы көркем фильмімен қазақ киносының тарихында бірінші боп «А» сыныбындағы халықаралық кинофестивальдің байқаулық бағдарламасына қатысқан бұған дейін ешкім болмаған. Ол қатысып ғана қоймай, одан үздік операторлық жұмысы үшін «Күміс аю» жүлдесін олжалау арқылы қазақ киносының мерейін өсірді. «Қазақфильм» келер жылы 7-8 жаңа туындыны өндіріске шығаруды жоспарлап отыр.