Қарағанды пен Павлодар облыстары әкімдерінің жаңа орынбасарлары тағайындалды. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық сотының жаңа төрағасы қызметіне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және басқа да кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен Қарағанды облысы әкімінің өкімімен және Президент Әкімшілігінің келісімімен Ғалым Әбіханұлы Әшімов өңір басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ал облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Қайрат Айтуғанов «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Ғалым Әшімов 1968 жылы туған. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін бітірген. Мамандығы — экономист-менеджер. Бұған дейін үкіметтік емес экономика секторында басшылық қызметтерде болған. Жәйрем кентінің, Қаражал қаласының әкімі, облыс әкімі аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған. Жаңа тағайындауға дейін Ғ.Әшімов Қарағанды облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Ал Павлодар облысының әкімі Қ. Бозымбаевтың өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ғани Қалыбайұлы Сәдібеков облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Ғани Қалыбайұлының мемлекеттік басқару органдарындағы басқарушы жұмыстарда мол тәжірибесі бар. Еңбек жолын Алматы облысы Ұзынағаш ауданының «Салқын-саз» кооперативінде бастаған. Одан кейін Алматы қаласы Совет ауданы әкімшілігінің шаруашылық есеп қызметінің директоры, инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамыту бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1997 жыл мен 2002 жыл аралығында — Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары. 2002 жыл мен 2008 жыл аралығында — кәсіпкерлік және сауда департаменті бастығының орынбасары, Алматы қалалық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Алматы қаласы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор. 2008 жыл мен 2009 жыл аралығында — Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Балқаш-Алакөл экология департаменті бастығының орынбасары. 2009 жыл мен 2010 жыл аралығында — Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы. 2010 жылғы желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметіне Мұратғали Абрарұлы Әкетай кірісті. М.А.Әкетай 1969 жылы 9 шілдеде дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Өзінің заң мамандығы бойынша еңбек жолын 1995 жылы бас маман, Алматы қаласы әділет басқармасы заңды тұлғаларды тіркеу бөлімі бастығының орынбасары, бастығы қызметінен бастаған. 1998 — 2001 жылдар аралығында Алматы қаласы әділет басқармасы бастығының орынбасары. Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. Мемлекет басшысының 2004 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығымен Шығыс Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі алқаның төрағасы қызметіне тағайындалды. 2009 — 2012 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған, аға әділет кеңесшісі шені бар. 2012 жылдың 2 шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарған. Заң ғылымының кандидаты, доцент.
ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің басшысы болып Төлеубаев Эрланд Құрманғалиұлы тағайындалды. Бұған дейін ол аталған департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен Алматы облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің басшысы болып Волков Александр Николаевич тағайындалды. Бұл тағайындауға дейін А. Волков аталған департамент басшысының міндетін атқарушы болды. Ал оған дейін Комитеттің Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының жетекшісі қызметін атқарды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен полиция полковнигі Қанат Айтбаев Петропавл қаласы ІІБ бастығы қызметіне тағайындалды. Қ. Айтбаев ішкі істер органдарында 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Әкімшілік полиция бөлімшелерінде еңбек жолын бастаған, 1999 жылдың наурыз айынан бері криминалдық полицияда. 2002 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның қылмыстық іздестіру бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалған. 2006 — 2008 жылдар аралығында Петропавл қаласы ІІБ криминалдық полиция бөлімін басқарды, үш жыл бойы СҚО Айыртау ауданы ішкі істер бөлімін басқарған, 2011 жылдың шілде айынан бері Солтүстік Қазақстан облысы криминалдық полиция басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Сондай-ақ бүгін Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Бекболат Серікбекұлы Орынбеков тағайындалғаны белгілі болды. Ол 1957 жылы туылған, білімі жоғары, Алматы энергетикалық институтын «инженер-электрик» және Қаратау қаласындағы Агротехникалық институтты «экономист-бухгалтер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Талас ауданындағы №110 Қаратау кәсіптік техникалық училищесінің оқытушысы болып бастаған. 1980-1992 жылдары Талас ауданындағы №110 Қаратау кәсіптік техникалық училищесінің шебері, оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі директорының орынбасары, 1992-1993 жылдары «Қаратау» қауымдастығының бас директоры, 1994-1997 жылдары «Бірлік» шағын жекеменшік кәсіпорнының директоры, 1997-1998 жылдары «Жамбыл автожол» қазыналық кәсіпорнының жетекші маманы, 1999-2003 жылдары Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, 2003-2010 жылдары Талас ауданы Қаратау қаласының әкімі, 2010 жылдың ақпаны мен қарашасы аралығында Сарысу ауданының әкімі, 2010 жылдың қараша айынан бастап Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып Ерқанат Нұрбапаұлы Манжуов келді. Е.Манжуов 1968 жылы туылған, білімі жоғары, Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы Алматы облысы Жарсу кеңшарының жетекші-экономисі болып бастаған. 1991-1994 жылдары Алматы облысы Жарсу кеңшарының бас-экономисі, 1994-1995 жылдары «Ақсу» ЖШС директорының орынбасары, 1995-1996 жылдары «Алма-Тал» фирмасы директорының орынбасары, 1996-1997 жылдары Алматы қаласы әкімі орынбасарының көмекшісі, 1997-2000 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, 2000-2003 жылдары «Метрология» РМК Оңтүстік-Қазақстан филиалының директоры, 2003-2007 жылдары «KEGOC» АҚ басқарма бастығының орынбасары, 2007-2008 жылдары «KEGOC» АҚ-ның Ақтөбе филиалының директоры, 2008-2009 жылдары «Алматы электр станциясы» АҚ-ның коммерциялық директоры, 2010-2011 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары, 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Жамбыл облысы әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне Тимуржан Бидайбекұлы Нұрымбетов кірісті. Нұрымбетов Тимуржан Бидайбекұлы 1966 жылы туылған, білімі жоғары, Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» және Алматы экономика және статистика Академиясын «экономист» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы Жамбыл облысы Луговой жөндеу механикалық зауытының инженер-технологы болып бастаған. 1990-1991 жылдары Луговой аудандық Қазақстан ЛКЖО комсомол комитетінің комсомолдық ұйымдар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, комсомол комитетінің нұсқаушысы, 1991-1993 жылдары Луговой ауданы «Путь коммунизма» ұжымшарының «Қарақыстақ» агробірлестігі бригадирінің көмекшісі, 1993-1996 жылдары «Нағыз» шағын кәсіпорнының директоры, 1997-1998 жылдары «Мелиоратор» шағын кәсіпорнының шебері, 1998-1999 жылдары «Қуат» шаруа қожалығының есепшісі, 1999-2001 жылдары Луговой ауданы «Қарақыстақ» өндірістік кооперативінің бас инженері, өндіріс басқарушысы, 2001-2005 жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық және бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі, кадрлық және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2005-2006 жылдары Т.Рысқұлов аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі, 2006-2012 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратында облыс әкімінің бас инспекторы, өнеркәсіп және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі, 2012 жылдың наурыз айынан бастап Жамбыл облысы әкімі аппараты инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.