Жүк көлігін тақымдаған Артур Ардавичустың ұжымы бүгін үздік уақыт көрсетіп 22-ші орынға табан тіреді. Алғашқы екі кезеңде әбден қажыған отандастарымыз нағыз Дакардың желісіне енді түскендерін айтады. Ал жол талғамайтын темір тұлпарларды мінген Айдын Рақымбаев пен Владимир Демьяненко болса жалпы есепте 20-шы орынға қол жеткізді. Тек 3 кезеңнің артта қалғанын есепке алсақ бұл өте жақсы көрсеткіш. «Astana Motorsports» командасының үшінші экипажы Денис Березовский мен Игнат Фальков жалпы есепте 57 орынға орнықты. Қуантатыны, бұл жолы біздің үш экипаждың да техникалары мәреге сау келген. Ертең таң ата басталатын төртінші кезең 868 шақырымға созылмақ. Оның 657-сі бұйрат құмдар, қиыршық тастар мен белуардан келетін өзендерде өтпек.