Былтыр қаржы полицейлері «Каспий» өндірістік корпорациясы мен «CaspiyElectronics» серіктестігінің бұрынғы топ-менеджерлері миллиондаған теңгені қолды қылғанын анықтаған. Тергеу деректеріне қарағанда, олар жарғылық қордың 200 миллион теңгесін жұмсап жіберіп, құрастыру жүйесінің құнын әдейі асырып көрсетіпті. Құлқыны кең сол шенділердің кесірінен зауыт сол күйі бірде-бір компьютер шығара алмаған. Алайда, айыпталушылардың адвокаттары ешқандай сұғанақтық болмағанын мәлімдеп отыр. Ақшаның бәрі құрал-жабдықты құру мен өндірісті өркендетуге ғана жұмсалған көрінеді. Айтуларынша, технологиясы 600 млн теңге тұрады екен. Ал қаржы полицейлері есептегенде оның құны 20 миллионнан аспаған болатын.
Рашид Саулебаев, адвокат:
-Айыптау қорытындысы құрал-жабдықтың нақты құнын анықтаған жоқ. Сондықтан олар мемлекет мүлкінің ұрланғанын дәлелдей алмады. Енді сот бұл істе ешқандай қылмыс жоқ деген қорытындыға келуі қажет деп есептейміз.