Бұл туралы дүйсенбі күні Орал қаласында өткен баспасөз мәслихатында облыстық ІІД бастығы Махамбет Әбісатов хабарлады.
Оның айтуынша, шабуыл кезінде зардап шеккен В.Каракуланың зайыбы есінен танбас бұрын полицияға хабар беріп үлгеріпті. Ол шабуыл жасағандардың үшеу болғанын, беттерін тұмшалап алғанын, ал төртінші адамның көлікте күтіп отырғанын хабарлаған.
Полицейлер қылмыскерлердің үйден не іздегенін анықтап жатыр.
«Үйдің тінтілгені көрініп тұр. Бірақ қымбат бағалы әшекейлерге тиіспеген, қымбат заттардың ешқайсысы ұрланбапты», — деді М.Әбісатов.
Оның айтуынша, аталған қылмысқа қатысты құнды мәлімет берген азаматтарға сыйақы тағайындалған. Бірақ полиция бастығы сыйақы мөлшері туралы нақты ештеңе айтқан жоқ.
Ал, кәсіпкердің зайыбы, облыстық мәслихат депутаты Валентина Каракула ауыр халде жатыр. Орал қаласына тасымалдау қауіпті болғандықтан нейрохирург дәрігерлер оған ауылдық ауруханада операция жасады.
Түнде Переметное ауылында тұратын кәсіпкерлердің үйіне қарулы шабуыл жасалған. В.Каракуланың басына оқ тиіп, сол жерде жан тапсырса, әйелі ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілді.
В.Каркула – Оралдың дүкендері мен базарларын ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ететін шаруа қожалығының иесі болатын.