Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, былтырғы жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда айналымы 2012 жылға қарағанда екі есеге артқан. «2005 жылдан бастап 2013 жылдың 9 айына дейін Қазақстан экономикасындағы вьетнамдық инвестициялардың жалпы ағыны 2,4 млн. долларды құрады. Ал Қазақстан тарапынан инвестициялар болған жоқ», — дейді министр Е. Досаев. Оның сөзіне қарағанда, екі елдің мұнай және газ саласындағы стратегиялық әріптестігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен вьетнамдық «Петровьетнам» мұнай және газ корпорациясы арасында іске асырылуда. Сонымен қатар, Вьетнамдағы Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларын асбест, темір прокаты, түрлі көліктік құрылғылар құрайды. Ал Вьетнамнан Қазақстанға шай, дәрі-дәрмек, тамақ өнімдері өнеркәсібі үшін құрылғылар, компьютер және олардың жинақтаушылары импортталады.
«Соңғы уақытта Вьетнам әлемнің қарқынды дамыған елдерінің ондығына кіретінін ескерсек, келісім екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі қарқындата түсуге зор үлес қосады», — дейді Е. Досаев.