Табиғаттың тосын мінезі еліміздің орталық өңірін аяп жатқан жоқ. Елорданың өзінде бораннан қарыс қадым жер көрінбейді. Әсіресе, Есілдің сол жағалауындағы әкімшілік орталық қар құрсауында қалды. Коммуналдық мекемелер шенеуніктердің көлігі жүретін жолды тазартып үлгере алмай жатыр. Ал Петропавлда құтқарушылардың ескертуін елемей облыс орталығына таяу маңдағы ауылдарға бармақ болғандардың автокөлігі бірнеше сағаттан бері қаңтарылып тұр.
Қуаныш Қаражұманов, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны:
— Бір сағат болды тұрғаныма. Жібермей жатыр. Не істерімді білмей тұрмын.
Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауылының маңында 50-ден астам автокөлік екі күнен бері қар құрсауында қалған.Құтқарушылардан қайран болмаған соң олар таңнан бері редакциямызға қоңырау шалып, көмек сұрап жатыр. Қазір ішер асы мен мәшинені жылытатын жанармайлары да таусылған.
Дмитрий, көлік жүргізушісі:
-Келіп тазалайтын, батып қалған машиналарды шығаратын ешқандай техника жоқ. Тамақ жоқ, нан жоқ бұл жақта. Еш нәрсе жоқ шынын айтқанда. 112-ге хабарлассақ тұтқаны ешкім көтермейді.
Бұл өңірдегі төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерінің айтуынша, қар құрсауында қалғандарды құтқарып үлгере алмай жатқан көрінеді. Түні бойы отыздан астам көлік пен жүзге тарта адамды қардан аршып алыпты. Тіпті екі келіншекті жол бойында босандыруға тура келген. Ақтөбе облысында толассыз жауған қардан дала тұрмақ, қаланың орталығындағы аршылған жолдардың өзін әп-сәтте боран басып тастап жатыр.
Қуандық Қасымов, Ақтөбе қалалық комуналдық шаруашылық және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
-Тазартқанан кейін 15-20 минуттың арасында жол қайтадан жабық. Оған қарамастан біз тоқтап жатқан жоқпыз, техникалар жұмыс жасап жатыр. Екі-үш жылдықта мұндай болған жоқ. Бұрынғы жылы біздер 30 мың тоннадай қар шығарсақ, қазір елуге жақын.
Атырауда желдің екпіні білім ошағының төбесін жұлып түсірді. Дәл осы нөмірі төртінші мектеп-интернаттың шатыры өткен жылы ғана көктемде дауылдан ұшып кеткен еді. Бірақ, ол кезде мектеп-интернат әкімшілігі құрылыс жүргізген мердігер компанияға жөндеткен болатын. Арада жыл өтпей жатып, мұндай жағдай тағы қайталанып отыр.
Қарағандыда ақ түтек бораннан қол созым жерді көру мұң. Сондықтан мектептерде түскі ауысымдағы сабақтар тоқтатылды. Синопиктердің айтуынша, бораннан соң еліміздің солтүстігінде, батысы мен шығысында сынап бағанасы күрт төмендейді. Кей жерлерде аяз 35-40 градусқа дейін күшеймек.