Атбасар топан судың астында қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атбасар топан судың  астында қалды

Атбасар топан судың астында қалды

Ақмола облысының Атбасар қаласын еріген қар суы басып жатыр. Түн ішінде деңгейі 1 метрге дейін көтерілген су, бірнеше көшені алып кеткен. Тұрғындар дереу қауіпсіз жерге көшіріліп, түнімен құтқару жұмыстары жүргізілуде. Ал аяқ астынан мұншама судың қайдан келгенін шенділердің өздері түсінбей қалды. Өйткені қала жанынан өтетін Жабай өзені әлі тегіс еріп бітпеген. Су кіріп кеткен жүз үйдің тұрғындары болса, қайда барарын білмей сабылып жүр.

  • 10 Сәуiр 2014
  • 363
Фото - Caravan.kz

Қас қарая келген топан су Атбасардың аяқ астынан астан-кестеңін шығарды. Сыртқа шығып үлгендері өздері құтылып, шыға алмағандарына құтқарушылар көмекке келген. Су әп сәтте 1 метрге дейін жетіп, екпіні қатты болғаны сонша, ілезде қаланың 5 көшесін алып кетті. Жүзге тарта үй толығымен су астында қалған. Қазір мұнда тек қайықпен жүруге мүмкіндік бар.

-Үйіміз су астында қалды. Дымсыз қалдық

-Кейбір тұрғындар үйлерін тастап кете алмай, мүлкі мен қорасындағы малын күзетіп қалған. Белуардан келетін су әлі азаятын емес. Ал топан судан үйлерін тастай қашқан тұрғындар қазір не істерлерін білмей су жағалап жүр.

Жабай өзені бұрын да тасып, жұртты талай әбігерге салған. Бірақ, осы жолы су өзенге қарсы беттен келіпті. Мұндайды күтпеген шенеуніктер не істерін білмей, қолдан келгенше ағынның арнасын өзенге бұруға тырысуда.

Жомарт Нұркенов, Атбасар ауданының әкімі:

-Алдын ала қалай айтайын. Даланың қары қалай еріп жатқанын. Мысалы бүгін 12 градус жылы болды. Бұл табиғи апат болғандықтан алдын- алу өте қиын.

Қазір аудандардан өрт сөндіру көліктері мен құтқарушылар келіп судың деңгейін азайтуға тырысуда. Дегенмен, судың бұлай аяқасты көтерілу себебін ешкім білмейді. Жабай өзені мен қала ішіндегі қар суының да бұған қатысы жоқ дейді мамандар. Сондықтан, көрші аудандардағы тоған суы болуы мүмкін деген де болжам айтылды.


Өмірбек Бураханов, Атбасар қаласының тұрғыны:

— Жақсыда платина жарылыпты, сол су біздің жаққа келді. Жаңа жігіттерге хабарластым. Кеше су кетті деді. Сол су бізге келіп жатыр.

Тұрғындардың арасында қорада малым өліп жатыр деп шырылдап жүргендер де бар. Күн жылына бастағалы Жабай өзені де деңгейінен көтеріліп келеді екен. Мына тасқынға енді өзен суы қосылса, салдарын елестетудің өзі қиын.