Мынау Жолымбет кентіне қатынайтын жол. Ар жағында бірнеше елді-мекен бар. Тоған бұзылғанда тасқын су жолды шайып кеткен. Қазір бұл жерден арнайы техникамен ғана өтуге болады. Екпінін азайтпаса Жолымбет кенішіне де қатер төнуі мүмкін.
Масқара ағын су шәйған жол үстінде көліктер бірін бірі сүйреп жүр.
Новопервойка ауылының жанындағы су тоғанының қоршауы қар еріген кезде шыдас бермей бұзылған. Сол кезде лап қойған тасқын ауылға беттеп, шеткі үйлерге тақапты. Тоғанды күзетіп жүретін тұрғындар дереу құтқару қызметіне хабарлап, мал жанды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерген.
Бақас Қажымұқан, Новопервомайка ауылының тұрғыны:
-Біз ұйықтамағалы бір ай болды. Сай саладан су кетіп жатыр. Күзде келіп жөндеген. Сиырдың боғын апарып төгіп қойды. Сиырдың боғы бұлақты да тоқтата алмайды. Дұрыстап бетонмен неге бекітпейді?
Бақытгүл Шәкей, Новопервомайка ауылының тұрғыны
-Ешкім келген жоқ. Біз өзіміз айтып жан-жаққа жүгіріп айтқаннан кейін мынау құсап қозғалып жатыр.
Ауылдан 40 қадам жердегі тоғаннан тұрғындар «балық ауламаймыз, су да алмаймыз. Ешкімге қажет болмаса қауіпті суды ағызып жіберсін» дейді. Біраз жыл иесіз қалған нысан былтыр әкімдіктің иелігіне беріліпті. Коммуналдық қызмет арнайы тендер өткізіп, қыруар қаржыға жөндеу жасаған. Бірақ, арада бір жыл өтпей су бұзып, тоғанды қайта бекітуге тура келді.
Рашид Әкімов, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары:
— Тоғанның ауыл жақ шетінен су құбырларын өткізетін біреуі жарылып, екінші жағы тоғанның опырыла бастады. Кешеден бері жұмыс істеп жатырмыз. Былтырғы жұмысты өткізген Ақкөл ауданының «Тепловодсервис» компаниясы істеген. Олар бергі емес, арғы құбырларды жөндеген. Осы шараны бітіргеннен кейін толық тергеу жұмыстарын өткіземіз ғой. Апаттың аты апат енді, алдын ала айту өте қиын.
200-ге жуық адам тұратын Новопервомайканың іргесіндегі тоғанның бұзылған жерін әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметі жабылып жөндеген болды. Тасты топырақ төгіп, бекітті. Бірақ, тоған суы толық еріп бітпеген. Қалған мұз ерісе, көлемі ұлғайған су бөгетті тағы жарып кетуі мүмкін.