«Ең нәтижелі одақтардың бірі ретінде Еуроодақты айналып өту мүмкін емес. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия ұлттарының одағы, Кариб қауымдастығы, Шығыс және Оңтүстік Африканың ортақ нарығы, яғни, «COMESA» Еуроодақтың үлгісі бойынша құрылған», — деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, интеграцияның негізгі қозғаушы күші — тауар десек, одақ құруға итермелейтін тағы бір күш — ол елдердің бір аймақта орналасуы. Әлбетте, шалғайдағы елдерге қатынағаннан гөрі, көршілес мемлекеттермен аралас-құралас болған әлдеқайда ыңғайлырақ. Одақтың өміршеңдігінің бір сыры да — осы.
«Мысалы, Оңтүстік және Шығыс-Азия ұлттарының қауымдастығын алайық. Оның құрылғанына 45 жыл толған шығар. Бірақ, одақ жыл сайын нығайып жатыр. Ұзақ жылдар бойы одақтасып келген елдердің қатарына Латын Америкасын, Канада мен Мексикамен одақтас АҚШ-ты да қосуға болады. Интеграциялық одақ құрудың кемшіліктерінен гөрі артықшылықтары басым.
Біріншіден, мүше елдердің нарығы қарқынды дами түседі. Көршілес елдермен тауар айналымы жақсарады. Екіншіден, елге инвестиция тарту үшін де тигізер пайдасы мол. Мысалы, Қазақстан кезінде біраз инвесторларды өзіне тартты, енді еуразиялық одақтың құрылуымен нарық ұлғая түседі. Осылайша, бұл инвесторлар Ресейдің, Беларусь елінің нарығына шығуға мүмкіндік алады. Интеграциядан қарапайым тұтынушылар да ұтады. Төмендетілген тарифтердің арқасында, тауардың түр-түрі шығарылып, оларды арзан бағамен сатып алу мүмкіндігі туады. Инвесторлар көптеп қаржы құятындықтан, жұмыс орындары да көбейе түседі», — деп атап өтті Мвита Чача.
Үш тараптың келісіміне сәйкес, Еуразиялық одақ — тек қана экономикалық бірлестік. Елдердің саяси жағдайын, әлеуметтік хал-ахуалын талдау одақтың міндетіне жатпайды. «Жалпы, саясат пен экономика сияқты бір-біріне тікелей байланысты салаларды бір-бірінен ажыратудың мүмкіндігі қандай? Қандай мысал келтіре аласыз?» деген тілші сауалына ғалым: «Иә, екі саланың аражігін ажырату әбден мүмкін. Өйткені, әлемдегі барлық елдер өз Тәуелсіздігін қызғыштай қорғайды, әр ұлт өз болмысын сақтап қалуды көздейді. Экономика мен саясатты бір-біріне араластырмай, ажырата білген одақтардың бірі деп АЗЕАН-ды алуға болады. Олар бірден тек экономикалық бірігуді көздейтінін белгілеп берді. Солтүстік Американың Канада мен Мексикамен бірлесіп құрған еркін сауда аймағы да бар болғаны либерализацияны көздеді, Тәуелсіздіктеріне еш нұқсан келтірмеді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты айтар болсам, Президент Нұрсұлтан Назарбаев шынымен де бұл одақтың Кеңес үкіметін жаңғырту үшін құрылмағанын, саясатқа еш қатысы жоғын қадап айтты. Оны қалған екі елдің саясаткерлері де дұрыс қабылдады деп ойлаймын», — деп жауап берді.