Ақтөбенің қақ ортасындағы «Нұрдәулет» сауда орталығының саудагерлері бүгін тайлы тұяғы қалмай облыстық сот алдына жиналды. Олар өрт қауіпсіздігін сақтамағанына байланысты орталықты жабу туралы қалалық соттың шешімін апелляциялық алқа өзгертер деп ойлаған. Бірақ үміттері ақталмады.
Александра Репалова, саудагер:
-Қазір наразылығымызға құлақ аспаса арты қайғылы болады. Бұған дейн Әлия орталығын жапқан кезде қаншама саудагер далада қалды. Тіпті өздеріне қол салғандары да болды. Сол жағдай енді қайталанғалы тұр. Халықты неге ойламайды?
Төтенше жағдайлар басқармасындағылар былтыр қазан айында сауда орталығына тексеру жүргізген екен. Сол кезде 16 заңсыздықты анықтапты. Жарты жылдан бері олқылықты түзетпеді дейді өрт сөндірушілер.
Евгений Овчарский, Ақтөбе қалалық ТЖБ басшысы:
-Өткен жылы еліміздің оңтүстігінде сауда орталықтарында болған оқиғаларға байланысты прокуратураның нұсқауымен тексердік. Автоматтандырылған дабыл қағу жүйесі істемейді, өрт сөндіретін қажетті құралдар тағы басқарлары жоқ. Біз көрсеткен 16 талаптыҢ алтауын әлі орындамай отыр.
Ал «Нұрдәулет» сауда орталығының басшылары болса сот шешімін өздеріне көрсетілген қысым деп отыр.
Ербол Байжарқынов, сауда орталығының қожайыны:
-3жыл бойы тексеріп келе жатыр. Барлық көрсеткен қателіктерді орындадық. Оларды кейін қарай 5-6 рет хатппен шақырдық қайта тексеріңдер деп. Олар тексергілері келмейді.
-Қазіргі күні мыңнан астам адам осы орталықта сауда жасап, жан бағып отыр. Көпшілігі несие алған, бір басында қаншама қарызы барын айтады. Егер сауда орталығы жабылса қайда баратындары белгісіз. Ал «Нұрдәулет» басшылығының әлі де болса касациялық шағым түсіруіне он күні бар. Сондықтан саудагерлер оған дейін жұмыстарын жалғастыра бермек.