Олармен бірге жауапты шенеуніктер де, кеңеске түгел келген. Президент 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамытудың тұжырымдамасын 2 айда дереу аяқтауды тапсырды. Ал Елбасыға есеп берген Ұлттық банк төрағасының баяндамасы оптимизмге толы. Сөзіне сенсек, халықтың депозитке салған салымы 10 триллион теңгеге жеткен. Ұлттық қордағы қаражат та бір жылдың ішінде 22 пайызға өсіп, қазір 70 миллиард доллардан асыпты. Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев қаржы нарығындағы жағдайды тұрақты деп бағалады. Бірақ, министрлерге босаңсымай, ахуалды ұдайы назарда ұстауға пәрмен берді.