Ақсуда жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың саны өсті - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақсуда жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың саны өсті

Ақсуда жантүршігерлік жол апатынан қаза тапқандардың саны өсті

Павлодар облысында жол апатынан қаза тапқан студенттер саны 4-ке жетті. Оқыс оқиға кеше Ақсу қаласында болған. Ферроқорытпа зауытына тәжірибеден өтуге келген колледж тәлімгерлері микроавтобуспен қайтып келе жатыпты. Теміржолдан жүйткіп өте шығам деген кезде отарба автобусты бүйірден соққан. Бір бала сол жерде тіл тартпай кетсе, үшеуі ауруханада жан тапсырды. Тағы бір студент хал үстінде жатыр.

  • 17 Сәуiр 2014
  • 382
Фото - Caravan.kz

Жазатайым жазым болғандардың барлығы- небәрі 18-19 жастағы өрімдей жастар. Барлығы зауыттағы тәжірибе сағатынан кейін қалаға қарай шығыпты. Мінген шағын автобустары теміржолды кесіп өте бергенде пойыз келіп бүйірден соққан. Қыдыр Омаров есімді мына жігіт оқиға орнында тіл тартпай кетсе, Бауыржан, Нұрфаяз және Әнуар атты курстастары ауруханада көз жұмды.

Тұрғынбай Усымқанов, марқұм Әнуар Біләловтың атасы:

-Өзі жалғыз бала еді ұлдан. Сол бәрімізге қиын болып тұр енді. Қалай сол жүргізушінің байқамағанын, ескермегенін. Өзі жасы 40-қа келіп қалған тәжірбиелі жүргізуші деп еді.

Есік пен төрдей отарбаны байқамаған автобустың жүргізушісі есін енді жиды. Ол ферроқорытпа зауытында темір пісіруші болып істейді екен. Енді ауруханадан шыққан соң бірден жауапқа тартылады. Әзірге, ол көлігіне жолай отырған 2 студентпен травмотология бөлімінде ем қабылдауда.  

Ермек Бектұров, Ақсу қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

-Біздің дәрігерлер, облыстың дәрігерлері қолдан келген көмектің барлығын жасады. Өкінішке қарай, кеше екі адам, бүгін тағы біреуі көзін жұмды. Қалған екі балаға қолдан келген көмегімізді жасап жатырмыз.

3 студент операция үстелінде жүріп кетсе, 18 жастағы Мұқағалидың өмірі қыл үстінде. Ал, зауытқа жіберген білім ошағының әкімшілігі «басу айтудан басқа амалымыз жоқ» деп отыр.


Федор Кисенков, Ақсу металлургия колледжінің директоры:

— Қайғылы оқиғаға көңіл айта келген балалардың қарасы көп болды. Біз ата-аналармен жиналыс құрып, жүргізушінің жағдайына да қарайласуға шақырдық.

Қыршын кеткен жастардың барлығы сабақты жақсы оқыған. Біреуіне тіпті үстеме шәкіртақы тағайындалған екен. Төртеуі де биыл осы білім ошағын тәмамдауы тиіс болған. 

-Металлургия колледжінің ұжымы орны толмас қайғыға ортақтасып, ажал құшқандардың отбасына 300 мың теңгедей жинап берді. Марқұмдардың мәйіті алдағы бейсенбі, жұма күндері жер қойнына тапсырылады. Соған байланысты, барлық студенттер өндірістік тәжірибеден босатылды.