Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесуінде Астана қаласы Ішкі істер департаментінің төрағасы Амантай Әубәкіров мәлім етті.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық және оны өткізу барысында елордалық полицейлерге қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өте үлкен жауапкершілік артылады. Бұл бағытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, ғимараттардың лаңкестікке қарсы жарақталуы тексерілуде. Сонымен қатар осындай халықаралық көрмелерді өткізген мемлекеттермен оңтайлы тәжірибе алмасу бойынша жұмыстар жасалуда. Сондай-ақ департамент құрамына аудармашылар тобын алуды жоспарлаудамыз, қызметкерлерді шет тілдеріне оқытуға қаражат қарастырылып та қойған», — деп нақтылады ол.
Төраға атап көрсеткендей, полицейлердің шет тілдерін меңгеруі ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға келген туристердің хабарламаларына шұғыл әрекет етулеріне көмектеседі. Сондай-ақ бұл шара елдің жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға септігін тигізбек.
А.Әубәкіровтің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта полиция қызметкерлері барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Болашақта жұмыс қарқынының көбеюіне байланысты штаттағы қызметкерлердің санын арттыру да жоспарда бар.
Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астанада үш ай бойы өткізіледі және оған 5 миллионнан астам шетелдік саяхаттшылар келеді деп күтілуде.