Қарағанды облысында жүздеген адам құлағалы тұрған үйді паналап отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
4 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қарағанды облысында жүздеген адам  құлағалы тұрған үйді паналап отыр

Қарағанды облысында жүздеген адам құлағалы тұрған үйді паналап отыр

Сәтбаев қаласында көпқабатты үй құлағалы тұр. Қабырғасы қақыраған ғимаратты мамандар тұруға жарамсыз деп шешім шығарған. Тұрғындарына шұғыл көшу туралы хабарламалар таратылыпты. Бірақ олардың жалғыз баспанадан өзге барар жері жоқ. Ал әкімдік уақытша үй қарастырамыз десе де, әзірге қозғала қоймаған.

  • 18 Сәуiр 2014
  • 262
Фото - Caravan.kz

Мына үй 25 жыл бұрын пайдалануға беріліпті. Маңайындағы саман үйлердей емес, еңсесі биік, керегесі кең көрінгенімен салынғалы бері салғырт қаралған. Былтыр күзде қабырғаларға түскен сызат күн санап кеңейіп бара жатқасын мұндағы жұрттың қаупін сараптама растады. Жергілікті билік осының негізінде тұрғындарға баспананы босат депті.

Бижамал Мейірманова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

— Біз сендерге ескерттік шығыңдар дейді. Біз қайда барамыз. Баратын жер жоқ. Қорқыныш бар, кейде сытырлайды. Жүгіріп шығамыз құлап жатыр ма деп.

-15 жыл бұрын үйдің қабырғасы сыр беріп, төбесі отыра бастағанда биліктегілер мынадай темір тіреуіштерді орнатып қауіптің бетін қайтарған болады. Бірақ, содан бері тұрғындар қанша айттық дегендерімен пәтер иелері кооперативі үйдің жайына бас ауыртып, балтыр сыздатпаған сыңайлы. Ал осы қыстың ортасынан тарта қабырғалар мынадай боп қақырап, қазір үй дәл ортасынан екіге айырылып бара жатыр.

Сараптама қортындысына сәйкес, жертөледе жылда толатын су іргетасын шайған, ғимаратта тұруға мүлдем болмайды. Жөндеуге де келмейді. Қабырғаға түскен сызатты сылап сипай алмайсың. Мәселені шешуге жең түріп кірістік деген билік әзірге бір шешімге келе қоймаған. Бірақ қалай болғанда да тұрғындарды апатты ғимараттан шығарудың амалын жасау керек екен.   


Серік Оразбаев Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:

— Бұл кісілерге үй тауып беруіміз керек. Басқа жатақхана бар ма, басқада бос тұрган үйлер мен біз онымен жұмыс жасап жатырмыз.  Ол кісілердің барлығын уақытша бір жерге көшіруміз керек. Кезекке қоюымыз керек сол кезек бойынша үй береміз басқа амал жоқ.

Сондықтан далада қалайын беп тұрған отбасылар онсыз да жылдар бойы кезек күтіп сарылған мыңнан аса қаладағы қарашаның қатарына қосылмақ. Ал жоспар бойынша алдағы екі үш жылда Сәтбаевта салынатын баспананың саны 100-ге жетер жетпес.