Мұның алдындағы үш кездесудің екеуінде жеңілген Қазақстан құрамасы бүгінгі ойында аянып қалған жоқ. Ә дегенде есеп ашып алға шыққан скандинавиялық хоккейшілердің екпіні көпке бармады. Уақыт өте өз ойынын тапқан жерлестеріміз соңғы екі кезең бойы олардың адымын аштырмады. Бүгінгі матчта Семен Кошелев пен Кирилл Ядрышников өз еншілеріне қос шайбадан жазса, тағы бір голды Никита Медведев салды. Келесі ойынын Қазақстан құрамасы 19- сәуір күні Францияға қарсы өткізеді.
Ертең Вашингтонда жерлесіміз Бейбіт Шүменов пен әйгілі америкалық боксшы Бернард Хопкинс қолғап түйістіреді. Бүкіл әлем көз тіккен алдағы жекпе-жекте жартылай ауыр салмақ дәрежесі бойынша екі бірдей версияның чемпиондық белбеуі сарапқа түседі.
Бейбіт Дүниежүзілік бокс қауымдастығының суперчемпионы десек, қарсыласы Бернард Хопкинс Халықаралық бокс федерациясының үздігі. Кәсіпқой бокстағы мәртебелі қос версияның басы біріктірілген титулдық жекпе-жекке деген қызығушылық өте жоғары . Біз үшін бұл қазақ боксы тарихында бұрын-соңды болмаған елеулі оқиға болайын деп тұр. Жасы 48 келсе де сыр бермеген Хопкинс әлі тың әрі мықты. Жастары өзінен әлдеқайда кіші қарсыластарын тәубесіне келтіріп жүрген Хопкинстен бәрін күтуге болады. 31 жастағы Бейбіттің де аңсап жүргені осындай матч. Ол — жартылай ауыр салмақ категориясы бойынша әлемнің абсолютті чемпионы атануды көздеп жүрген боксшы. Ендеше ертеңгі титулдық жекпе-жекте жерлесімізге жеңіс тілейміз.
“Монако” бас бапкері Клаудио Раньери маусым соңында қызметінен босатылады. Ішкі чемпионатта “Пари Сен-Жерменнен” 10 ұпай қалып екінші орында келе жатқан “Монако” биыл Франция кубогынан да қағылды.
Ел кубогының жартылай финалында “Генгамға” ұтылғаннан кейін клуб басшылығы осындай шешім қабылдапты. Енді оның орнына Стив Кларк немесе, мадридтық “Атлетико” бас бапкері Диего Симеоне тағайындалуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бұрындары “Валенсия”, “Парма”, “Ювентус”, “Рома” және “Интер” сынды еуропаның маңдай алды командаларын баптаған Раньери “Монако” тізгінін 2012-ші жылы алған.