-Балаларының бәрі туберкулез болады.
Кім емдейді оларды?
— Сіздер ме?
Ашуға кенелген Талапкердің тұрғындары бір-біріне сөз берер емес. Бірнеше күннен бері мына әкімдік ғимаратын алдын торуылдап жүр. Айтуларынша, үйлері су астында қалған жұртқа қол ұшын созып, жағдайды бақылауда ұстауға жергілікті басшылық қауқарсыз.
Жанар Мұсылманқұлова, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Техникасы аз, өте аз. 4 машина ол бүкіл селоға не болады? Неге олар жан-жақтан көмек сұрамайды?
Сағыныш Жұмағалиев, Талапкер ауылының тұрғыны:
-Біз көмек сұрап отырмыз, басқа ештеңе керек емес. Бізге суды тоқтатып берсін. Дамба соқсын. Қазір міне бөгеп жатыр, одан арғы 5 метр жерінде қайта су көтеріліп жатыр.
Талапкердің негізгі көшесі де су астында қалған. Жұрт қызылсуда қалқып жүрген көліктеріне дейін жабыла сүйреп жүр. Кейбірі есіктеріне қара құлып салып, ағайын-туысты жағалап кеткен.
-Бүтін бір ауылды су шайып кетпес үшін түннен бері мына жерге 80 камаз тас төгілген екен. Алайда, оның өзі қорғаныс бола алмай тұр.
Осы апаттан соң құтқарушылар Целиноград ауданына төтенше жағдай жариялады. Аудан басшылары болса бұл табиғаттың тосын сыйы, өзіміз де неше күннен бері толарсақтан саз кешіп жүрміз дейді. Ал, үйлерін су шайып кеткен тұрғындарға ешқандай да өтемақы берілмейді деп отыр.
Бақберген Мәуленов, Целиноград ауданының әкімі:
-Мына үйлердің шығыны болса ТЖД береміз. Шығын болатын болса әрине. Біірақ ондай шығынды көргенім жоқ. Мен барлық үйді аралап шықтым. 19 күн болды, осында жүргеніме. Халықтың арасында жүрміз.
Қазір апатты ауылға облыстың бар техникасы жұмылдырылған. Ернеуінен шыққан Есілдің суы сонда да азаяр емес. Ал, тіршілік көзінен бір сәтте ада болған тұрғындар әкімдіктен тез арада судың бағытын басқа бағытқа бұруды талап етіп отыр.