«Партияға топпен бірге қабылдау сынды мүше санын арттыруға бағытталған науқандар түгел жойылды. Үміткерлер партияға жеке іріктеуден кейін ғана қабылданады», — деп дүйсенбі күні аймақтық жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестер басшыларының жиынында «Нұр Отанның» партиялық бақылау комитеті төрағасы Қуаныш Сұлтанов мәлім етті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары партия мүшелерінің саны 25 мың адамға қысқарған. «Біз даңғаза жасаған жоқпыз. Қатарымыздың тазалығын қамтамасыз ету бағытында конструктивті жұмыс жүргіздік», — деді ол.
«Біздің партияға кімдер және қандай мақсатпен кірді? Байқасақ, кейбіреулер депутат болу үшін мүше болыпты, олардың басты мақсаты осы», — деп түсіндірді Қ.Сұлтанов.