Бұл Алматы-Атырау бағытына қатынайтын «Ақжайық» жолаушылар пойызы. 19-шы сәуір күні кешкі алтыда Атырауға 200 шақырым қалғанда жүрдек пойыз айдалада апатқа ұшырады. 13 вагон рельстен шығып кетіп, 7-уі аударылды. Кейбірінің доңғалақтары теміржолдан 40-50 метрге дейін ұшып кеткен. Ал екіге бөлінген вагондардың арақашықтығы 100 метрден асады. Сол күні осы пойызбен сапар шеккендер өздерінің аман қалғандарына әлі де сенер емес.
Гасина Васинан, жолаушы:
-Пойыз қалыпты жүріп келе жатқан, бір кезде жылдамдық арттырды-ау деймін. Аяқ астынан айқай-шу, тарс-тұрс дыбыс, бір кезде аударылып кеттік.
Абырой болғанда адам өлімі жоқ. Оқиға болған сәтте пойызда келе жатқан 580 жолаушының 44-і ғана дәрігердің көмегіне жүгінген. Солардың бірі Болғанай Үсенова. Оқыс қозғалыс кезінде сүйегі тамырын жарақаттап, көп қан жоғалтқан. Айтуына қарағанда, тиісті қызмет жеткенше, Атырауға Шымкенттен келе жатқан болашақ сарбаздар мен көрші вагондардағы жолаушылар қарап тұрмай, зардап шеккендерге өз күштерімен көмек беріпті.
Болғанай Үсенова, жолаушы:
-Сол жерде айтылып жатыр, пойыз сағатына 200 жылдамдықпен жүрді деп. Мен қанша жылдамдықпен жүруі тиіс екенін білмеймін. Бірақ, сол жерде бәрін ұйымдастырып, тікұшақ келіп, біраз қан жоғалттым қолым нетіп,тікұшаққа салып, алып келіп, қолдарымды тігіп, барлық қолдарынан келген жәрдемдерін жатыр.
Оқиға болған күні-ақ, жолаушылар қосымша вагондармен Атырауға жеткізіліп, арада 12 сағат өткенде теміржолдың бүлінген бөлігі қалпына келтірілді. Қазір осы оқиғаға орай, арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Жәнібек Жүнтірбаев, Атырау магистральды желілер бөлімшесінің бас инженері :
-Болжам әртүрлі. Енді бұл жағдайда вагондардың жай-күйі, жолдың, тепловоздың жағдайы қаралатын болады. Машинист те назардан тыс қалмайды.
Жауапты орындар әзірге тіс жарып, толыққанды ақпарат берер емес. Тек бір анығы – қылмыстық іс қозғалыпты. Бірақ, нақты кімге қатысты екені тағы белгісіз. Ал мамандар пойыздың қалай жолдан шығып кеткенін 3 күннің ішінде анықтап, жариялаймыз деп отыр.