Эпидемиологтардың жиыны жат ағымның жетегінде жүрген жас аналарды райынан қайтаруды мақсат еткенімен, бүгін де сол келіншектердің ешқайсысы төбе көрсетпеді. Вакцинадан бас тартқандардың бірі мына келіншек. Босанғанына 6 күн өтсе де Арайлым баласына бір де бір екпе салдырмаған.
— Екпе алмаймын деп қолхат бердіңіз бе сонда?
— Иә
— Балаңыз ауырып қалады деп қорықпайсыз ба ертең?
— Жо-жоқ, ауырса Аллахтың қалауымен ауырады ғой
—Оның соңы кейін өкінішті жағдайға апарып жатса ше?
— Жоқ, өкінбеймін.
Арайлым сияқтылар перзентханада жай жүрмей, өзгелерді өзінің соңынан еруге үгіттейтін көрінеді. Мұны мамандар да, болашақ аналардың өздері де айтып отыр.
Жібек Ситаева, Атырау қаласының тұрғыны:
-Вакцинация балаға кері әсерін алып келетінін айтады. Және оны мемлекеттің болашақ ұрпақтың дені сау болмасын деген оймен жасайтынын айтты. 6 қыз жатқанда соған 3 қыз сеніп қалады
Мамандар бұл жолғы үгіт-насихатқа дін өкілдерін де ерте келген. Олар мұндағы жас аналарға кез-келген екпенің қауіпсіз екендігін айтып, күмәнді уағыздарға сенбеуге шақырды. Шәриғатты шартты түрде түсініп, Алланың аманаттап берген денсаулығына атүсті қарайтындардың қылығын дініміз де қоштамайды.
Бекжан Жахин, дінтанушы:
-Ислам оған қарсылық білдірмейді. Негізі ол Құранда да, хадисте де еш жерде жазылмаған, яғни екпе еккізу ол Исламға қайшы деген.
-Басқаны айтпағанда, бір ғана перзентхананың өзінде өткен жылы 200-ге жуық, ал биылғы жылдың басынан бері 80-нен астам адам өкпе дертіне қарсы екпе салдырмаған. Мамандар бұл көрсеткіштің жыл аяғына дейін әлі де өсетінін айтады. Ал Атырау облысының бұл сырқат бойынша алдыңғы лекте тұрғынан ескеретін болсақ, жуық арада көңіл көншітерлік көрсеткішке қол жеткізе қою мүмкін емес тәрізді.