Атырауда параны уылдырықпен алған полицейдің өлі денесі табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.47
  • 541.37
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырауда параны уылдырықпен алған полицейдің өлі денесі табылды

Атырауда параны уылдырықпен алған полицейдің өлі денесі табылды

Атырауда параны уылдырықпен алған шенді полицейдің өлі денесі табылды. Исатай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы өткен аптада қолға түсіп, кейін ауруханадан із суытқан болатын. Алтынбек Ғұбайдуллин Каспийде бекіре аулағандарға ақылы қолдау көрсетті деп айыпталған-ды. Мәліметтерге қарағанда, майор құрылыс алаңдарының бірінде асылып қалған. Дегенмен құзырлы органдар жақ ашпай отыр. Ал марқұмның ата-анасы болған оқиғаға қаржы полициясын кінәлауда.

  • 29 Сәуiр 2014
  • 335
Фото - Caravan.kz

Бұл 21-ші сәуір күні болған оқиға. Исатай аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы өзі ақылы қызмет көрсетіп жүрген браконьерлердің бірінен 3 келі қара уылдырық пен 250 мың теңге алып жатқанда ұсталған болатын. Кейін тергеу кезінде Алтынбек Ғұбайдуллиннің қан қысымы көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Сол жерде қажетті емін алған полицей ізін суытқан еді. Енді арада төрт күн өткен соң мәйіті табылып отыр. Мәліметтерге қарағанда, 33 жастағы шенді полицей Атыраудағы құрылысы бітпеген нысанда асылып қалыпты. Дегенмен құзырлы орындар қандай да бір ақпарат таратуға асығар емес. Ішкі істер министрінің өзі тек сараптама жүргізілуде деп жауапты қысқа қайырды.

Қалмұхамбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

-Денсаулығына байланысты ауруханаға барып, кетіп қалған. Мүрдесі кеше табылды. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіп жатырмыз. 

Министр Ғұбайдуллиннің басшылық қызметтегі бір жыл ішінде ешқандай сын-ескертпе алмағанын да айтты. Туыстары да марқұмның арандатушылық әрекет құрбаны болғанына сенімді.


Қалыбай Қаражанов, әкесі:

— Қаржы полициясының өздері де «подставить» етіп отыр ғой. Пара берген адам қаржы полициясымен байланысы бар. Баламның қызметі керек болған шығар деп ойлаймын.

-Адвокаттары болса, қаржы полицейлерін заңды белден басқанын дейді. Айтуларынша, Ғұбайдуллин қолға түскенде ешқандай хаттама толтырылмаған. Енді олар, сол қаржы полицейлерінің өздерін қылмыстық жауапқа тартуды талап етпек. Қазірдің өзінде марқұмның туыстары облыстық прокуратураға істің ақ-қарасын тексеруді талап етіп, арыз түсірді. Ал жұмбақ жағдайда көз жұмған тәртіп сақшысының денесі ертең жер қойнына берілмек.