Маңайдағы жұрттың жүрегін шайлықтырған мына ғимараттың қаусап, алқам-салқам боп тұрғанына 10 жылдан асқан. Кезінде жеке қолға өткенде иесі цех ретінде іске қосып көргенімен, ол да тұралап қалыпты. Қазір қаңғыбастар ордасына айналған бұл жерден осыған дейін сан рет адам өлігі шыққан.
—2 қыз асылып қалды. Тағы бірін өлтіріп кеткен дәл осы жерде.
Қанша қақпайлағанымен, іргедегі үйлердің ойын балалары осы жерді айналсоқтай береді. Оның үстіне мектепке апаратын соқпақ та осы арамен өтеді екен. Ата-аналар осыған алаңдаулы.
-Вот он садик стоит сделай садик вы сделайте , мы детей сюда водить будем.
Жұрт бұл ғимарат аузы-мұрнын бітеліп, адам аяғы баспайтындай, күл қоқыс жиналмайтындай болса дейді. Өйткені мына қоқыстағы егеуқұйрық біткен маңайдағы үйлерге дейін баратын болған. Бірақ әкім есеп беріп кеткесін, жаңағы шенділерді қайтып қара көрсетпейді дейді жұрт.
Валентина Бессараб, Қарағанды қаласының тұрғыны:
—Қолқаны қабатын иістен мына жерден жүру мүмкін емес. Аяқтың аятында егеуқұйрықтар оратылады. Әкімдікке қанша айтсақ та, тыңдаған болғанымен нәтиже жоқ. Бір біріне сілтеп міне осы күнге дейін жеттік. Не деген бітпейтін шаруа бұл. Қаланың ортасын сылап сипайды да шеткері жатқан біздің мәселеміз жабулы қазан ішінде.
Жылда жаңа балабақша саламыз деп қазынаның қаржысына килігетін билік қаңыраған ғимараттың жайын сұрағанда тілін жұтып, жер шұқиды. Соттасып жатырмыз, қожайыннан тартып алғанша талай заман өтті деп ақталған болды.
-Шағын ауданда Кеңес заманынан қалған тура осындай тағы бір балабақша ғимараты қаңырап тұр. Ал бет моншағы сөгілген жергілікті билік ел алдына шығып қандай да бір түсінік беруден қашып жүр. Ескісін жарылқай алмай жаңасын саламыз деп даурығып жүргенде дәл қазір қала бойынша 22 мың бүлдіршін балабақшаның жоқтығынан үйлерінде отыр.