Бүгін Ұлттық экономика министрі кімнің нақты неге жауапты екенін айқындайтын жаңа заң жазып, Мәжіліске алып келді. Бірақ, құжатты қорғауға келген Ерболат Досаев аузын ашпай жатып дауға қалды. Депутаттар: «Үкімет тұрғын үй шаруашылығы, құрылыс, жерді бөліп беру сынды әбден жемқорлық жайлаған саланың барлығын әкімдердің қолына ұстатып жібермек» деп дабыл қағып отыр. Оның үстіне Досаев мұның бәріне тікелей жауапты жергілікті басшыларды қалай қадағалайтынын әлі өзі де білмейтін болып шықты.
БүгінЕрболат Досаев көтеріп келген жаңа заңда премьерден бастап әрбір министр мен облыс әкімдерінің тікелей міндеті жіпке тізгендей жазылған екен. Мысалы, бензиннің бағасын енді Энергетика министрі белгілеуі мүмкін. Ал, сот-медициналық, наркологиялық сараптамаларды бұдан былай Әділет министрлігі жүргізеді.
Ерболат Досаев, Ұлттық экономика министрі:
-Министрліктер мен Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқару органдарына стартегиялық, реттеу, іске асыру, бақылау міндеттері бекітіледі.
Сонымен қатар, Үкімет жер учаскелерін бөліп беру, үй шаруашылығы мен құрылыс, қала сәулеті әкімдердің құзыретіне өткізбек. Бірақ, Ерболат Досаев депутаттарға ең маңызды салаларға жауапты жергілікті басшыларды алдағы уақытта қалай қадағалайтынын түсіндіріп бере алмай әбден састы.
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
— Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы ,құрылыс, қала құрылысы сынды жемқорлық жайлаған қызметті жергілікті әкімдерге беріп жатыр. Оны қалай бақыламақ, қандай нәтиже береді оны бізге түсіндірген жоқ.
Енді әкімдерді қадағалау үшін әр министрліктің жанынан тағы екі басқармадан құрмақ. Бұл ұсынысқа да мәжілісмендер бірден қарсы шықты. Онсыз да сансыз ведомствалардан құтыла алмай жатқанда, жаңадан мемлекеттік мекемелер құрудың түкке қажеті жоқ, — дейді депутаттар. Одан да шатысып жатқан министрліктер өздеріне тиісті міндеттерін ажыратып алсын деген кеңес берді .
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
— Қоршаған ортаны қорғау министрлігін Энергетика министрлігіне қосты.. Сонда табиғатты ластайтын да өздері, қорғайтын да өздері. Дүние жүзінде ондай емес, дамыған елдерде басқа органдар бақылайды.
-Жалпы, бұл құжат — Президенттің жуырдағы «сабылып жүрген сансыз шенеуніктерді қысқарту керек» деген пәрменінен кейін қолға алынған заң. Ал, оған жауапты болып бекітілген Ұлттық экономика министрінің ісі шала болып отыр дейді, — депутаттар. Мәжілісмендержаңа құжаттықатаң сынап, бірнеше сағат талқылағанымен кейін бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. Бірақ Ерболат Досаевтың депутаттардың алдында әлі терлеуіне тура келеді. Себебі алда екінші оқылым бар.