Бір жасар Бекнұр осыдан 10 күн бұрын ауруханаға түскен еді. Қазір беті бері қарағанмен, дәрігерлердің қолына түскенде жағдайы нашар болатын. Азып-тозғаны өз алдына, бесікке таңылып ұзақ жатқаннан жанбасы іріңдеп кеткен. Үй аралап жүрген кезекші дәрігер байқамағанда, баланың жағдайы не боларын болжаудың өзі қиын. Аптап ыстықта, күн астында жатқан баланы көрген емхана қызметкері жедел-жәрдем шақыртқан болатын. Кейін анықталғандай Бекнұрға оның әкесі мен әжесі қажетті күтім жасамапты. Ал анасының қайда екендігі белгісіз. Прокурорлар бүгін қылмыстық іс қозғап, жауапсыз әке-шешені ата-ана құқынан айыру мәселесін көтерді.
Жамбыл Баятар, Мұнайлы ауданы прокурорының орынбасары:
-Кәмелетке толмаған баланы тәрбилеу жөнінде міндеттерді орындамау деген баппен қылмыстық іс қозғалып, оны ары қарай тергеу үшін Мұнайлы АІІБ жолданды. Өкілетті органға осы нәрестенің анасын ата-ана құқынан айыру бойынша ұсыныс жолданды. Ол ұсыныс қаралу үстінде.