Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Ләззат Сүлеймен хабарлады.
«Күнтізбелік жоспарға сәйкес, үміткерлерді тіркеу мерзімі 11-қыркүйекте аяқталды», — деді ол жұмадағы брифингте.
ОСК мәліметінше, 16 депутаттық мандатқа барлығы 88 адам ұсынылған. Барлығы 53 үміткер тіркелді. Бес облыстың әр қайсысынан 4 үміткерден, қалған 11 облыстан 3 үміткерден тіркелді.
Оның айтуынша, 18 үміткер додадан шығып қалса, 17 үміткер құжаттарды дер кезінде тапсырмағаны үшін тіркелмеген.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, тіркелген үміткерлердің арасында екі әйел бар. Жоғарғы палата депутаты атанғысы келетіндердің жасы орта есеппен 53 жас. Үміткерлердің арасында 21 инженер, 9 ауыл шаруашылық маманы, 8 экономист, 8 дәрігер, 4 оқытушы мен 1 заңгер бар.
Қыркүйектің 12-сінен бастап тіркелген үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кірісе алады. Үгіт-насихат 29-қыркүйек күні түнгі сағат 12-де аяқталады.