Мына темір қоршау пайда болғалы тұрғындардан маза кетті. Алғашында ағаштар кесіліп, жер тегістеле бастағанда қараша жасыл желек жаңартылатын шығар деп ойлапты. Алайда кейін шағын саябақтың орнына кеңсе ғимараты мен дәмхана тұрғызылатынын естігенде шыдам шегіне жетті.
Надежда Щербинина , Петропавл қаласының тұрғыны:
-Біз енді жаға жыртысамыз ба, басшылар қайда қарап отыр! Халықтың зарын неге естімейді?! Мұнда ғимарат тұрғызса , өз үйімізде отырып, күннің көзін көруден қалайық деп тұрмыз!
Дауға себепкер болған аулаларды әкімдік 9 жыл бұрын сатып жіберген. Бүгінге дейін ол 5 рет қолдан қолға өтіпті. Жердің соңғы иесі қоршау қойып, құрылысты бастаймын дегенде, жұрт өз құқын сотта қорғауға шыққан. Қалалық сот та, істі тұрғындардың пайдасына шешіп отыр.
Вадим Акчурин, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Қазір олар облыстық сотқа шағым түсірді. Жердің иелерінің кім екенін де білмейміз. Астанада, Алматыда тұрады екен. Сотта өкілдері жүр. Кеше сол кісі бізге «сотта жеңіп шықсам, қабырға жағалап жүретін боласыңдар» деп дікеңдеп кетті.
Ал көрші үйдің ауласын сатып алған епті біреу айналасы үш айда мұнда үш қабатты ғимарат салып үлгерген.
-Құрылысы бітпеген мына ғимарат та көпқабатты үйдің ауласына салынып жатыр. Алғашында оның иесі тұрғындардан «бұл жерде халыққа қызмет көрсету орталығы болады» деп алдап қол жинапты. Кейінірек оның «қызмет көрсету орталығы» дегені қонақүй мен мейрамхана болып шықты. Енді бұл ғимараттың да тағдыры қылүстінде тұр.
Енді облыстық сот істі тұрғындардың пайдасына шешсе, ғимарат бұзылуы тиіс. Не оның коммерциялық бағасы тұрғындарға теңдей бөлініп берілетін болады. Ал заңдастырылған жерді екінші қайтара сатып, былыққа батқан шенділердің мұртын балта шаппайтын секілді. «Сот бітпейінше, бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермейміз» деп ат -тондарын ала қашты.