Шымкентте науқас баланы дәрігерлер әр жаққа сілтеп ақыры өлтіріп алды - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкентте науқас баланы дәрігерлер әр жаққа сілтеп ақыры өлтіріп алды

Шымкентте науқас баланы дәрігерлер әр жаққа сілтеп ақыры өлтіріп алды

Шымкентте дәрігерлердің бейқамдығынан жас бала көз жұмды. 8 жасар Әлихан Нышанғалиұлы іші бүріп, ауруханаға түскен. Шымкенттегі №1-ші қалалық аурухана дәрігерлері көмектесудің орнына баланы ата-анасымен бірге қаланың басқа ауруханаларына баруға кеңес беріпті. Диагноз дұрыс қойылмай 10 сағаттан астам әр жерге сандалған Әлихан әке-шешесінің қолында өліп кетті. Ал денені ашып көрген мамандар егер дер кезінде балаға ота жасағанда аман алып қалуға болар еді дейді. Енді баласынан айрылған ата-ана кінәлілер барынша қатал жазаға тартылсын деп отыр.

  • 17 Қыркүйек 2014
  • 492
Фото - Caravan.kz

Кеше ғана қатарластарымен асыр салып ойнап жүрген Әлиханнан естелік болып қалғаны тек мына киімдері мен ойыншықтары ғана. Шерлі әке-шеше жаны жай таппай ұлының суретіне қайта-қайта қарайды. Дені сап-сау Әлихан түнде өзін жайсыз сезініп, іші бүріп ауырған соң ата-анасы таң ата жедел жәрдем шақыртқан. Соқырішек болуы мүмкін деп дәрігерлер оны қалалық балалар ауруханасына апарыпты. Сөйтіп, не диагноз қойылмай, не жатқызылмай жарты күн сандалтқан.

Ақмарал Әпсеметова, Әлиханның анасы:

 —11 сағаттың ішінде 3 ауруханада болдық. Ешқандай көмек жоқ. Бір реанимацияға кіргізіп, тексерейік демеді.   Дәрігерлердің  ойына да кірген жоқ. Олар бізге малша қарады. Малға да жаның ашиды ғой.

Қалалық балалар ауруханасында сол күні кезекші хирург болған Владимир Зобнин тіпті басын ала қашқан. Жауапкершілікті алғысы келмей хәл үстіндегі Әлиханды эндокринологиялық диспансерге жіберсе, олар өз кезегінде облыстық балалар ауруханасына жөнелткен. Күні бойы ақхалатылардан ем түгіл жөнді сөз ести алмаған бала ата-анасының қолында қайтыс болды.

Ақмарал Әпсеметова, Әлиханның анасы:

-Соңғы сөзі: «мама үйге қайтайықшы» деді.  Үйге келе жатқанда мені бір көріп қалайын деді ма «Мама» деп айғайлады. Екі көзі маған қарап, менде оған қарадым. Сонымен, бар сөзі сол болды.

 


Әлихан жан тапсырғаннан кейін ғана ішін кескен дәрігерлер, ішегі түйіліп қалған деген диагноз қойған. Егер дер кезінде емдегенде аман қалады екен. Облыстық денсақтау сақтау басқармасындағылар болса кінә өздерінен екенін мойындайды. Тіпті, айыптыларды жазалапты.

Балжан Исабекова, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

-Әлиханның ауруы негізінен ересектерде кездеседі. Балаларда тым аз кездескендіктен дәрігерлеріміз диагноз қоя алмаған. Бірақ, соған қарамастан кезекші-хирург Зобнинді жұмыстан қудық. Тағы 5 дәрігерге қатаң сөгіс жарияладық.

Владимир Зобнинді жұмыстан қудық деп басшылары тым әсірелеп жіберген тәрізді. Ол өз еркімен қызметінен босапты. Обалы не керек, мұнан кейін дәрігер Әлиханның туыстарына келіп, кешірім сұраған.

-Облыстық денсақтау басқармасы осыдан кейін тіпті қарамағындағы дәрігерлерге ішек түйілуі туралы тұтастай семинар өткізіпті. Ал Әлиханның ата-анасы дәрігерлердің тек жұмыстан шығумен және сөгіс алумен құтылғанына риза емес. Ай-күннің аманында ұлынан айрылған олар енді облыстың бас дәрігерінен бастап, бірнеше аурухана басшысына қатысты прокуратура мен министрлікке шағым түсірді.