Бүгін Парламент Мәжілісінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті. Еске сала кетейік, Мәжіліс отырысында «Түркі Академиясын құру туралы Келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған болатын.
Аталған келісім аясында Түркі Академиясының мақсат-міндеттері айқындалады. Соның ішінде Академияның негізгі мақсаттары ретінде ортақ көне мәтіндер мен ауызекі дереккөздерді қоса алғанда түркі тілдерінің бүкіл әлеуетін пайдаланып, барша түркі халықтары үшін ортақ әдеби тіл жасауға ұмтылу, барша түркі тілдері үшін қолданылатын жинақталған әліпби әзірлеу мәселелесі қарастырылған.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2025 жылға қарай латын әліпбиіне ауысу мәселесін қарастыруды ұсынған болатын. Ал Академия әзірлейтін жинақталған әліпби ортақ латын әліпбиі түрінде қарастырыла ма?», — деп сұраған болатын депутат Тұрсынбек Өмірзақов заң жобасын талқылау барысында.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов аталған мәселеге қазіргі сатыдағы таза ғылыми жоба ретінде қарауды сұрады.
«Біздің өзіміздің әліпбиіміз қалай қалыптасатыны туралы айту ертерек, жұмыс тобы құрылған, жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен, біздің әліпбиіміз бен түркілердің ортақ-жинақталған әліпбиі қаншалықты сәйкесетінін ғалымдарымыздың, түркологтардың, мәдениеттанушылардың жұмыс нәтижесі көрсетеді. Ал қазірше бұл туралы айтуға ертерек», — деп жауап берді министр А. Сәрінжіпов.