Бензиннен тарыққан жүргізушілер көлігін тастап автобусқа отырмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бензиннен тарыққан жүргізушілер көлігін тастап автобусқа отырмақ

Бензиннен тарыққан жүргізушілер көлігін тастап автобусқа отырмақ

Еліміздің біраз аймағында жүргізушілер әлі де жанармайдан тарығып отыр. Ақтөбеде сұйық отынның небәрі бес күнге жетер-жетпес қоры қалған. Сондықтан шенеуніктер еркін саудаға шектеу қойды. Дәл осындай шараны қызылжарлықтар мен шымкенттіктер де қолға алған. Жергілікті билік Үкіметке сеніп отырғандарын айтады. Сондықтан жүргізушілерді жанармаймен қашан жарылқайтындарын дөп басып айта алмай отыр.

  • 18 Қыркүйек 2014
  • 321
Фото - Caravan.kz

Соңғы бір-екі айдан бері жанармайдың жыры бітер емес.Құны қымбаттаса да, көлік тізгіндегендер әлі күнге дейін бекет жағалап жүр. Ақтөбедегі жанармай стансаларында бір аптадан бері сатылымға шектеу қойылған. Жүргізушілер, әсіресе, Аи 92 маркалы бензинді 20 литрден артық ала алмайды.

Амангелді Арғынбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

-Шаршатты. Жүреміз бір-бірімізден сұрап қайда бензин бар деп. Анда барамыз, мында барамыз. Бір жерде болса, бір жерде болмайды. Сосын айналып-айналып жүргенде ақырында бензинсіз, дымсыз қаламыз.

Басшылар бензинді шопырлардың арасында шатақ шықпас үшін шектеп беріп жатқанын айтады. Елдегі жанармайдың отыз-қырық пайызын Ресейден жеткізетіндіктен, биліктегілердің де көршілерге күні қарап отыр. Қазір Ақтөбеде сұйық отынның санаулы күнге жететін қоры ғана қалыпты.

Бағжан Тілегенов, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:  

-92 маркалы бензиннің 5-6 күндік қоры бар облыста. Облыстағы жанармай станцияларда шектеу қойылған жаңағы талондық жүйеге көшкені бар. Кейбір станция бос саудамен жүзеге асуда. Айдың аяғы, қазан айларында тұрақтанады деген жоспар айтылуда.

Шымкенттің де атқамінерлері жанармаймен ай бітісімен жарылқаймыз деп жүргізушілерді жұбатып қояды. Ал Русланның оған сенгісі жоқ. Талай жыл тірнектеп жиған ақшасына алған мәшинесінің жүргенінен гөрі қаңтарылып тұрғаны көп.


Руслан Лашынұлы, Шымкент қаласының тұрғыны:

-Жаңадан машина алғам. Объем үлкен болып шықты, бензин қымбаттап кетті. Бензин алу проблема. Мұның қалай болатыны, не боларын түсінбейміз.  Машинаны қоямыз да автобуспен келеміз бе не істейміз?

-Қара алтын үстінде отырған елдің көршіден қымбатқа болса да бензинді тонналап сатып алып жатқанын Қарабалин жеткізді. Тіпті, құны енді шарықтамайды деп сабырға шақырды. Десе де тапшылықтың қаншаға созылатындығын ол да дөп басып айтпады.