Нұрсұлтан Назарбаев бақытты отбасы болудың құпиясымен бөлісті - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрсұлтан Назарбаев бақытты отбасы болудың құпиясымен  бөлісті

Нұрсұлтан Назарбаев бақытты отбасы болудың құпиясымен бөлісті

Бақыттың кілті қызмет пен ақшада емес. Нұрсұлтан Назарбаев шаңырақтағы берекенің сыры неде екенін түсіндірді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы әке-шешесі бола тұрып жетім атанғандардың, балалары қарттар үйіне апарып тастап жатқан қариялардың көбейіп кеткеніне қатты алаңдайтынын жеткізді. Бүгін тұңғыш «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттаған Елбасы  үлгілі жанұя болудың жолдарын айта кетуді де жөн көрді.

  • 20 Қыркүйек 2014
  • 799
Фото - Caravan.kz

Бұл отбасылар  бүгіннен бастап күллі елге атақты.  Отағасыларының ең жасы отызда, үлкені 83-те. Алды немерені айтпағанда шөбере сүйіп отыр. Өз облыстарында жеңімпаз атанған 16 көп балалы шаңырақ Астанаға жиналып бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан марапат қана емес, Елбасыдан нағыз  шеберлік сабағын алды. Отбасылық қарым-қатынас туралы көп айтқан президент, әке-шешесін тірідей қарттар үйіне өткізіп жатқандарды ел алдында ұялтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана халқымызда ешқашан болмаған.Бұл біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің.

Жағдайы бар туған баласына керек болмаған сол 7 мыңға жуық кемпір-шалды  қазір мемлекет асырап отыр. Жасы келген әке-шешесін қарттар үйіне ақша беріп өткізетіндер де бар екен.Тіпті Елбасы одан сорақысын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

—   Сол қариялар зейнетақысын алар кезде, балалары мен немерелері пайда бола қалады. Олардың бар ойы зейнетақыны алып кету. Осындай жағдайға жетіп отырмыз. 

Одан қалды, елімізде 34 мың жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған бала бар. Оның үстіне үйленіп бір жылдан соң  ажырасып жатқандардың саны көбейген. Осындай жас шаңырақтарға Нұрсұлтан Назарбаев асығыс шешім қабылдамауға кеңес берді.Тіпті өмірдің мәні  қызмет  пен ақшада еместігін айтып ағынан жарылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

—  
Жас  келген сайын бұл өмірді түсіне бастайсың.  Сенің жетістігің, миллиард ақшаң,қызметің басты орында емес. Ең бастысы адамға керегі отбасы, балалары….

Ал президент жастарға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қатысушыларынан үлгі алуға шақырды. Айтпақшы, шоқтығы биік сайыста  Түркістан қаласында тұратын Бимаханбетовтер жанұясы жеңімпаз атанды. 8 ұл-қыз тәрбиелеп 33 немере, 10 шөбере сүйіп отырған отағасы Елтай Бимағанбетұлы сыйлығын бүгін Елбасының қолынан алып қуаныштан жүрегі жарылардай болды.

Елтай Бимағанбетұлы, «Мерейлі отбасы-2014» байқауының жеңімпазы:

-Аса қадірлі, мәртебелі Елбасымыз айналайын Нұрсұлтан Әбішұлы 83 жасқа келгенде осындай жарысқа қатысып сіздің қолыңыздан сый-сыяпат алу мен үшін үлкен қуаныш.

-Айтпайсыз ба? Осындай көп бала асырасаң 83 жаста мен сияқты боласың деп.

-Дұрыс айтасың.

Үбірлі шүбірлі жеңімпаз отбасыға 14 орындық шағын автобустың кілті табыс етілді.  Байқауға қатысқан қалған жанұялар да Астанадан құрқол қайтқан жоқ. Олардың барлығы Елордадан  үйлеріне «НИВА» көлігін мініп қайтты.

-Байқауға қатысқандар темір тұлпар алып қана емес, Елбасының кеңестерін тыңдап қанаттанып шықты. Ал отбасылық құндылықтарды көбірек  дәріптеуді айтқан  президент бұл үшін арнайы бағдарлама қабылдауды Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ, шетел асқан қаракөздер мен елдегі жетім  балалардың құқығын қорғаумен айналысатын  уәкілетті адам  тағайындау керек деді. Және тастанды сәбилер жайында барлық мәлімет  жазылатын ақпараттық  жүйе құруды ұсынды.