Тоңазытқыштағы бар тамақ орманнан әкелген жидектер мен саңырауқұлақтар ғана. Мүгедек әйел оны жаз бойы теріп, қалаға апарып сатады. Сондағы табысы кейде күніне мың теңгеге де жетпейді. Биыл жидек аз болғандықтан Елена қысқа тіпті отын да қамдай алмаған.
Елена Басырева, екінші топтағы мүгедек:
-Орманда жүргенде кейде ауыр шелектерден белім ауырады. Үйге келіп, дәрі ішіп аламын да жылаймын. Шарасыздықтан, әрине. Бірақ менің көз жасымды көріп , ұлдарыма азық әкеліп беретін адам жоқ қой. Амал жоқ, еңсемді тіктеймін де ары қарай өмір сүремін.
Еленаның аяғы емтар туған. Жамбасына балтыр бітпеген жанның бойы бір метрден сәл ғана асады. Алатын жәрдемақысы 25 мың теңге. Оның өзі ас суға да жетпейді екен. Дастарханында бүгін тіпті қара шай да жоқ. Ұлдарым тезірек ержетіп, қолғабыс болса дейді.
Дмитрий Басырев, Еленаның ұлы:
-9 сыныпты тәмамдаған соң колледжге түссем деймін. Оны бітірген соң жұмысқа тұрып анама көмектесемін. Інім де әлі кішкентай, оған да қарайласу керек.
Мүгедек жанның бар арманы ешкімге масыл болмай шамасына қарай жұмыс табу. Шенділер оның жағдайын білетін көрінеді. Бірақ ауылда кемтар тұрмақ сау адамға да жұмыс табылмайды екен.
Бақыт Жүсіпова, Дубровное ауылдық округінің әкімі:
-Жұмыс жағынан өте қиын сұрақ. Себебі жұмыс орындары жоқ. Оның мүмкіндігіне қарай біз оны жұмысқа орналастыра алмаймыз. Себебі еңбек кодексіне мен қарсы келе алмаймын.
-Ауылда қызмет табылғанның өзінде Елена Басыреваға мүгедектерге жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат керек. Оны рәсімдеу үшін аудан мен облыс орталығындағы талай мекеменің табалдырығын тоздыруы тиіс. Ақшасы жетпейтінін түсінген кемтар келіншек бұдан түк шықпасын түсініп, қолын бір ақ сілтепті. Оның ендігі бар үміті- қайырымды жандарда.