Бұл Зырян қаласындағы ұзын-сонар кезек. Қаздай тізіліп тұрған жүздеген машинаның мұнда тұрғанына осымен үшінші күн болған.
Хасен Закария, Күршім ауданының тұрғыны:
—Бірнеше күннен бері бензин болмай қалды. Әкелген бір камаз бензовозды тіпті ыдыстарына құйдырмай тонап әкетеді ел. Өйткені көліктер өте көп қазір.
Шалғайда жатқан Күршім мен Зайсан ауданында да дәл осы жағдай. Тұрғындардың діттеген жеріне жете алмай, көліктерін қаңтарып қойғанына бір аптадан асқан. Бірнеше күн бұрын таусылған ең өтімді АИ-92, Аи-80 маркалы бензиннің бір литрін олар енді150 теңгеден сатып алуда.
-Өңірдегі «бензин безгегі» облыс орталығы Өскеменде де сезіле бастады. Қазір шахардағы ірі жанармай бекеттерінде көлік иелері барлық маркалы сұйық отынды тек талон арқылы құйып алуға мәжбүр.
Оның өзінде егер қолыңда талоның болса. Ал Қарағанды облысында талоны таусылған автопарктердің жұмысы тоқтап қалды. Кеше үш бірдей автопарк күнделікті бағытына қатынай алмай, босқа тұрды. Жүргізушілер қазір жұмыс уақытында бензин іздеп сабылып жүр.
Константин Горячев, автобус жүргізушісі:
-Бос уақытымызда ыдыстарымызды алып, бензин іздейміз. Жұмысымызға кедергі келіп жатыр. Бізде бекітілген жұмыс кестесі бар. Одан ауытқысақ, жолаушылар мазасызданатыны өз алдына, айлықсыз қаламыз.
Ал осыдан екі ай бұрын бензин тапшылығына тап болған Орал қаласында бүгінде ұсақ жанармай бекеттерінде бір тамшы бензин қалмапты. Үлкен стансаларда сұйық отын тек талонмен немесе бір бакқа 15 литрден ғана беріліп жатыр. Оның өзінде сапасы жаға ұстатарлық дейді мамандар. Салдарынан талай адамның құйған бензиннен қозғалтқыштары істен шығыпты.