Балеттік спектакль алғашқы «Жібек Жолы» халықаралық фестивалі аясында ұсынылып отыр, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен.
«Мен әлемнің ең жақсы театрларының бірі болып саналатын «Астана Опера» тамаша театры жайлы көп естідім. Бұл Мельпомена ордасы өзінің күллі мәдени кеңістіктегі ең қызықты және болашағы зор өнер ошағы екенін бүкіл әлемге мәлімдегенін атап өткім келеді. Егер нақты қазақстандық балет жайлы сөз қозғасақ, бұл жерде тамаша деңгейлі классикалық мектеп барын білемін. «Жібек Жолы» іспеттес фестивальдар мен дүние жүзі бойынша өтіп жатқан өзге конкурстардың арқасында Ерлан Аңдағұлов және Досжан Табылды сияқты Қазақстанның әртістерімен танысып үлгердім, біз жақсы достармыз және мен олардың кәсіби деңгейін жоғары бағалаймын», — дейді Лаша Хозашвили. Бостондық Балеттің премьері әлемдік дәрежедегі «Жібек Жолы» фестивалі шеңберінде астаналық сахнада өнер көрсету, өзінің мансап жолындағы жауапты кезең екенін де атап өтті. «Аққу көлі» балетіндегі Зигфрид партиясы -классикалық еркектер биінің үлгісі болып табылады. Аталған партия жан дүниеме жақын. Ал Шахзаданың рөлін ойнаған кезде балет өнерінің тамаша әлемінде жанымның қалай шырқап сала беретінін сеземін», дейді ол. Лаша Хозашвили театр қонақтарына, фольклорлық сарын және бозбала мен бойжеткеннің нәзік сезімдері жайлы құпиялы терең ой негіз болған ең сырға толы және сиқырлы классикалық балет — «Аққу көлі» спектаклінен ләззат алуды тіледі.
Анықтама: Лаша Хозашвили Тбилисиде, Грузияда дүниеге келген. 2010 жылы Бостондық Балет құрамына премьер ретінде кірді. 1994 пен 2002 жылдар аралығында В. Чабукиани атындағы Тбилисидегі хореографиялық училищесінде оқыған. Кейін З. Палиашвили атындағы Тбилисидегі мемлекеттік опера және балет театрының балеттік труппасына жетекші солист ретінде қабылданды.
Грузияның Мемлекеттік балеті құрамында билеп жүрген кезінде оны «Ballet Dance» журналы «ерлер труппасындағы ең сезімтал биші» деп атады. 2008 жылы ол Жильбер Альбер және Нина Ананиашвилидің «Жұлдыз» халықаралық сыйлығымен марапатталды.
Хозашвили Грузиндық Мемлекеттік балеттің АҚШ-ғы (2007 және 2008 жылдар) және Жапониядағы (2007) гастроліне қатысты. Сондай-ақ ол «Сполетто» және «Джейкобс Пиллоу» фестивальдарында «Аққу көлі» мен «Дон Кихотта» басты партияларда, сонымен қатар Джордж Баланчиннің «Моцартиана» жән «Duo Concertant» балеттерінде өнер көрсетті. Бүгінгі таңда -Бостон Балетінің премьері.