Кешті өзінің жыр шумақтарымен мерейтой иесінің өзі ашты.
ҚР Жазушылар одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, сенатор Н. Оразалин ,
Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ақынды құттықтап, жылы лебіздерімен қоса грамоталарын тапсырып, шапан жапты.
Сондай-ақ басқа да белгілі тұлғалар, әсіресе Ақұштап апамыздың өлеңіне сусап қалған оқырмандары ақынға ризашылық білдіріп, құрмет көрсетті.
Кештің көркін қыздырған әншілер мен бірге Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері махаббат монологтарын оқыды.
Кеште театрландырылған көріністер мен ақынның қызы Ғазизаның орындауындағы махаббат лирикалары жиналғандарың көңілінен шықты.
Айта кету керек, ақынның өлеңдерін оқимын деп талпыныс білдірушілер көп болды.
Кеште ақын Ақұштап Бақтыгереева зал толы оқырмандарына риясыз ықыласын көрсетіп, өмірдегі ең қымбат рухани дүние — сөз бен әдеби мұраның жоғалмауы керектігін, өскелең ұрпақ тәрбиесінің мықты болуы қажеттігін атап өтті. Ақын өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды.
Алатау төрінде Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жасына арналған мерейтойлық шара енді Астанада жалғасын таппақ.
Жұлқыса жел есіріп,
Майысқанмен сынбадың.
Сыр айтпадың шешіліп,
Неше келіп тыңдадым.
Қысты жеңіп, шуаққа Жайраңдаған кезіңде,
Бойыңдағы қуатқа Қайран қалам өзім де…
Кеудемді жанап өттіңдер,
Жүр едім жырды бастамай,
Азайып неге кеттіңдер,
Даламның қарлығаштары-ай!…
Топтанып ұшқан үйірің
Достардай еді-ау жаны ізгі.
Адамнан кеткен мейірім,
Сендерде қалған тәрізді.
Махаббат, тағы саған қайта оралам,
Сен болшы тақырыбым қайталаған.
Өмір жоқ махаббатсыз, бақыт та жоқ,
Басқадай әңгімем жоқ айтар оған.
Ақ таңды сүю керек, нұрын күннің,
Ұната білу керек түрін гүлдің.
Қыздары ғашықтықтан өліп кеткен,
Аңызын оқу керек бұрынғының.
Жазғанмен махаббатты бұдан бұрын,
Қорғауға соны тағы шығам бүгін.
Жарын сүйе білмейтін жасықтардың
Елін сүйетіндігіне күмәндімін.
Шырағымбысың, Шынарымбысың, Қыранымбысың, Жыр-әнімбісің.
Бәрі де сен бол, мен әйел болам, Өзіңе ғана ұнауым үшін!











