«Мен бұл кітапханада 10-11 күндей жұмыс істедім. Жұмыс барысында қолжазба қорынан әл-Фарабидің 10 трактатын тауып алдым. Бұл мен үшін тосын сый болды. Қазақ ғалымдары әл-Фарабидің 60-тан астам трактатын орыс және қазақ тіліне аударғаны мәлім. Алматыда 10-ға жуық трактаты басылып шықты. Міне, енді тағы 10 трактат табылып отыр», — деді профессор.
Зерттеу жұмыстары шетелдік мұрағаттарда ғылыми іссапар аясында жүргізілді. Тағы бір профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Қалқаман Жұмағұлов Ватиканнан ғұндардың атақты көсемі, кезінде Римді жаулап алған Еділ патшаның бұрын жұртшылыққа белгісіз болып келген кескінін тапты. Ол бұған дейін ешбір басылымда жарық көрмеген екен.
Айта кетелік, Эскориал монастыры кезінде Испания королі II Филипптің монастыры, сарайы әрі резиденциясы болған ғимараттар кешені. Мадрид қаласының 200 шақырым жерде орналасқан.


