Бұл туралы облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков хабарлады.
«Геологтардың болжамынша, аймақтың жер қойнауында 1 трлн текше метрге жуық метан қоры бар. Бұл ауыз толтырып айтуға боларлық көрсеткіш. Бірақ, оны қауіпсіз жолдармен, тұрақты игеруді үйренуіміз керек», — деп жауап берді әкім жұма күнгі брифингте журналистердің осы мәселеге қатысты сауалына.
«Біріншіден, газ қорын бағалау үшін кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажет. Қазір мұнымен айналысып жатырмыз. Содан соң «Парасаи» холдингі грант негізінде көмір қатпарларынан метан газын алу технологиясын дайындауға қаражат бөледі», — деді Н.Әбдібеков.
Оның айтуынша, өткен бейсенбіде әкімдік пен «ҚазТрансГаз» компаниясы меморандумға қол қойды.
«Олар да бұл жоспарды әрі қарай жүзеге асыру үшін консорциумға кірді», — деп түсіндірді әкім.
Бұрын хабарланғандай, «ҚазТрансГаз» АҚ мен американдық LeMar CA Inc компаниялар тобы Қарағанды көмір бассейнінде метан газын барлау және өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы құрылтай келісімін бекіткен болатын.