Қытай елі Қазақстанмен достығын аса жоғары бағалайды - Д.Назарбаева - kaz.caravan.kz
  • $ 487.73
  • 558.99
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
18 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қытай елі Қазақстанмен достығын аса жоғары бағалайды - Д.Назарбаева

Қытай елі Қазақстанмен достығын аса жоғары бағалайды - Д.Назарбаева

ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының Бейжіңге екі күндік сапары Қытай елінің әлеуметтік саладағы тәжірибелері туралы ақпараттар алуда аса жемісті болды. Бұл туралы отандық БАҚ тілшілеріне берген сұхбатында делегация жетекшісі, ҚР Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева мәлім етті.

  • 29 Қазан 2014
  • 673
Фото - Caravan.kz


«Біздің делегация Бейжіңге Қытайдың шетелдермен достығы халықтық қоғамының шақыруы бойынша келді. Олардың тарапынан мәдениет, білім және денсаулық салаларында, сондай-ақ қарқынды ақпарат алмасуда және ең бастысы, Жібек жолы бойындағы экономикалық белдеудің аса қарқынды дамуы тұрғысынан біздің елімізге деген зор қызығушылық байқалды. Бұл мәселелер туралы біз мұндағы көптеген кездесулерімізде сөз еттік», — деді Дариға Назарбаева.

Оның айтуынша, ҚХР-да біздің еліміз бен көшбасшыларымыздың арасындағы достық қарым-қатынас аса жоғары бағаланады.

«Біз бұл жерде еліміз туралы, Елбасымыз туралы өте жақсы пікірлер естідік. Және бұл сапарымыздың білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек ресурстары, тәжірибе алмасу салаларында өзара қарым-қатынастардың жаңа кәсіби деңгейіне жол ашқанын қалар едік», — деп атап өтті Д.Назарбаева.

«Мен бұл сапарымыз барлық тұрғыдан өте қызықты болды деп ойлаймын. Бұл ел туралы мен және менің әріптестерім ғаламторда да, газеттер мен журналдарда да келтірілмейтін түрлі ақпараттарға қанықтық», — деп түйіндеді делегация басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, сапар аясында ҚР Тұңғыш Президенті — Ұлт Көшбасшысы қоры мен Қытайдың шетелдермен достығы халықтық қоғамының арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, осы бірлестік басшыларымен, сонымен қатар еңбек ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау және бала тууды жоспарлау министрлерімен келіссөздер жүргізілді.

Д. Назарбаева сондай-ақ Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянмен кездесіп, Бейжің мектебі мен балалар ауруханасына барды.

Қазақстандық делегация құрамында Парламент Мәжілісінің қоғамдық-мәдени даму комитетінің мүшесі Гүлнар Ықсанова, Гүлмира Исимбаева, Надежда Петухова, Алдан Смайыл, Светлана Ферхо, сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті — Ұлт Көшбасшысы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов және осы қор жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының жетекшісі Сұлтан Әкімбеков бар.