XVII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» («Поэзия») аталымы бойынша Гран-при жүлдесін Түркістаннан келген талантты жас ақын Батырхан Сәрсенхан иеленді. Ал «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» таңертеңгілік ойын-сауық бағдарламасының шеф-редакторы, жас ақын Олжас Қасымов І орынды жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды тараздық Хамит Есаман, ІІІ орынды қарағандылық Жадыра Байбұланова иеленді.
Сондай-ақ халықаралық конкурстың арнаулы сыйлықтарының иегерлері анықталды. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігінің ҚР Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлығын Әлия Іңкәрбек иеленсе, Астана қаласы әкімдігінің Нағима Өтепова атындағы сыйлығының иегері Қалиша Жақыпова болды.
Ал «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» Интернет-жобасының Әмірхан Балқыбек атындағы сыйлығын Бекзат Смадияр мен Әбділда Аймақ атындағы сыйлығын Шерхан Талап алды.
Сонымен қатар Динара Мәлік «Фолиант» баспасының Кәкімбек Салықов атындағы сыйлығының иегері атанды. «Ұлт» порталының Төлеужан Исмайылов атындағы сыйлығына Нұржан Қадырәлі, «Жұлдыз» журналының Ғафу Қайырбеков атындағы арнайы сыйлығына «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының «Таңшолпан» бағдарламасының редакторы Саян Есжан лайық деп танылды.