Еуропалық саясаткерлер Қазақстанның жаңа экономикалық стратегиясын жоғары бағалады - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еуропалық саясаткерлер Қазақстанның жаңа экономикалық стратегиясын жоғары бағалады

Еуропалық саясаткерлер Қазақстанның жаңа экономикалық стратегиясын жоғары бағалады

 ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Брюссельдегі жұмыс сапары барысында  саясаткерлермен және сарапшылармен Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының көкейтесті мәселелерін талқылады. 

  • 14 Қараша 2014
  • 650
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Еліміздің сыртқы саяси мекемесі басшысының кездесулері барысында беделді еуропалық саясаткерлер ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен Қазақстанның жаңа экономикалық «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауына жоғары баға берді. Еуропаның әйгілі тұлғалары, оның ішінде Болгария, Польша, Сербия, Словения және Чехия экс-президенттері Г. Пырванов, А. Квасьневски, Б. Тадич, Д. Турк пен В. Клаус және Норвегияның бұрынғы премьер-министрі К. Бондевикпен кездесулер Халықаралық қатынастар бойынша Еуразиялық кеңестің (ХҚЕК) тұсаукесері кезінде орын алды. Аталған тұлғалар ХАБЕК консультативті кеңесінің мүшелері болып табылады.

Орталық Азиядағы мәселерді зерттеуге арналған жаңа үнқатысу алаңының штаб-пәтері Брюссельде орналасып, аймақ пен Еуроодақ арасындағы байланыстарды нығайту және белсенді түрде білім және тәжірибе алмасуды көздейді.

Австрияның бұрынғы сыртқы істер министрі және ЕО-ның сыртқы байланыс қызметінің экс-жетекшісі Бенита Ферреро-Вальднер ХҚЕК консультативті кеңесінің төрағасы, «Wiki Bilim» қоғамдық қорының жетекшісі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Рауан Кенжеханұлы жаңа құрылымның директоры болды, ал Е. Ыдырысов, ХҚЕК-тің құрметті төрағасы болып сайланды.

Жаңа құрылымның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Е. Ыдырысов, «Кеңесті құру — өте орынды қадам, өйткені нақ бүгін Еуропа мен Азия арасындағы мәдени және психологиялық алшақтықты еңсеру қажет» деген сенімін білдірді. «Еуроодақтың төрінде қызмет атқаратын осы ұйымның арқасында біздерге Еуропа мен Азия арасындағы географиялық, мәдени және психологиялық тосқауылдарды еңсеру және құрлықтарымыз арасында берік көпір салу оңайға соғады», — деп атап өтті қазақстандық СІМ басшысы. Ол жақын арада ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік туралы Келісім бойынша келіссөздердің сәтті аяқталуы Еуроодақ пен аймақ арасындағы қатынастардағы жаңа кезеңнің ашылуын меңзеді. «Бұл кезең Орталық Азия елдеріндегі тұрақты дамуға жол ашатын бірлескен жобаларды іске асыру бойынша жұмыспен толықтырылуы мүмкін».

Е.Ыдырысов өз сөзінде атап өткендей, «Нұрлы жол» стратегиясы — әлемдегі экономика мен саясаттың тұрақсыз кезеңіндегі Қазақстанның нық және тиімді дамуының айнасы, бұл осы ауыр кезеңді елімізге беделмен өтуге ғана емес, сонымен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына жету жолындағы нығая түсуімізге мүмкіндік береді».

Италияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ф. Фраттини атап өткендей, «Қазақстан мәдениетаралық, өркениетаралық үнқатысу мәселелерін алға тартуда, ядролық қаруды таратпау мәселелерінде Орталық Азияда өте маңызды рольге ие, сондықтан да Еуропалық одақтың Қазақстанмен барынша тиімді байланыстар орнатуы өте маңызды.

 Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің ғана тұрақты әрі қарқынды дамуына ғана емес, сонымен қатар барлық өңірдің дамуына аса маңызды үлес қосып келеді. Осылайша, Қазақстанның транзиттік әлеуетінің дамуы экономика жағынан ғана емес, сонымен қатар адамзаттың байланыстарының дамуы жағынан да маңызға ие және алдағы уақытта да солай болып қала бермек».

Б. Ферреро-Вальднердің пікірінше, ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа Келісім бойынша келіссөздердің аяқталуы «қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге шығару үшін аса маңызды. Қазақстан өзінің тәуелсіздік жылдары ішінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді, және қазіргі таңда жаңа даму траекториясына шығып келеді».

Ал А. Квасьневскидің ойы бойынша, «Қазақстан — әлемдегі көптеген адамдар үшін енді терра инкогнита (белгісіз жер) болып табылмайтын ел, керісінше, аймақтық және жаһандық деңгейдегі маңызды ірі ойыншы болып саналады. Қазақстанның белсенді ұстанымы мен атсалысуы нәтижесінде біз қауіпсіздіктің көкейкесті мәселелерін, оның ішінде Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен Батыс арасындағы күрделі қатынастарды шеше аламыз деп үміт артамыз».


ХКЕК тұсаукесеріне еуропалық саяси және академиялық топтардың көрнекті өкілдері қатысып, Қазақстан мен Орталық Азияда болып жатқан үдерістерге өз елдеріндегі өсіп келе жатқан қызығушылықтарды атап өтті. Аталғандардан бөлек, ХКЕК консультативті кеңесіне Италия мен Сербияның бұрынғы Сыртқы істер министрлері А. Мартино, Ф. Фратини мен В. Еремич, Ұлыбритания Парламентінің мүшелері П. Лилли мен Лорд Ламонт, қазақстандық танымал ақын О. Сүлейменов және басқалары кірді. Іс-шараға ЕҚЫҰ Бас хатшысы Л. Занньер, Лондон, Брюссель, Берлиннің сараптамалық орталықтарының жетекшілері қатысты.

ХКЕК ресми таныстырылымы қарсаңында британдық белгілі компания Ipsos Mori әзірлеген әлеуметтік зерттеу нәтижелерін және қазақстандықтардың қоғамдық көңіл-күйіне бағытталған зерттеулерін жария етті. Сұралған азаматтардың 83 пайыз соңғы он жыл ішінде Қазақстанда өмір сүру жағдайы айтарлықтай жақсарғанын атап өткендері ең негізгі нәтижелердің бірі болды. Осылайша, Қазақстанмен байланыстыратын өзгешеліктер ішінде «қонақжайлылық» (47%), «тұрақтылық» (39%), «бейбітсүйгіштік» (37%) және «жетістік» (32%) болды.

Е.Ыдырысов сапар аясында ұйымдастырушылардың бірі Неміс сыртқы саяси қоғамы болып табылған «Еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету: еуропалық және орталық-азиялық пост-ауғандық стратегия» атты халықаралық конференцияда сөз сөйледі.

 Е.Ыдырысов Ауғанстаннан Орталық Азия елдеріне тасымалданатын наркотрафик аймақтық қауіпсіздіктің негізгі қатері болып болып отырғанын айтып өтті. «Наркотрафик мәселесін түбегейлі жоймайынша экономиканың дамуын қайта орнату мен заң үстемділігі мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету қиынға соғады»,-деді ол.

Сондай-ақ Е.Ыдырысов еуропалық әріптестерін Қазақстан Ауғанстандағы бейбіт өмірді әлеуметтік және білім беру бағдарламалары, қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсету арқылы қайта орнату бойынша өз ықпалын жалғастыра беретініне сендірді.

Сонымен қатар, сапар барысында Е.Ыдырысов «Рейтер» агенттігіне сұхбат беріп, «Нұрлы жол» стратегиясы аясында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, еліміздің ЕО мен Ресеймен өзара ынтымақтастығы, сонымен қоса Украинадағы жағдайға көзқарасы тақырыптарын талқыға салды.

ҚР Сыртқы істер министрінің Брюссельге сапары еуропалық әріптестермен «Нұрлы жол» стратегиясы аясында маңызы арта түскен Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша ұстанымдарды тағы бір рет айқындап алуға, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік пен Орталық Азияның тұрақты даму мәселелерін, наркотрафикпен күресу, халықаралық коалиция әскерін Ауғанстаннан шығарғаннан кейінгі тұрақтылық мәселелерін талқыға салуға мүмкіндік берді.