Арзан бензин дәуірі аяқталуға жақын: Мораторий алынғаннан кейін жанармай бағасы қаншалықты өсті? - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Арзан бензин дәуірі аяқталуға жақын: Мораторий алынғаннан кейін жанармай бағасы қаншалықты өсті?

Арзан бензин дәуірі аяқталуға жақын: Мораторий алынғаннан кейін жанармай бағасы қаншалықты өсті?

Елімізде АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге тыйым салған мемлекеттік реттеу тоқтатылғанына үш ай болды.

  • 17 Маусым
  • 8
Фото: Жансая Талипова/Caravan.kz

Caravan.kz тілшісі жанармай құю бекеттеріндегі қазіргі жағдайды зерттеп, бағаның қаншалықты өзгергенін және алдағы жылдары қазақстандық жүргізушілерді не күтіп тұрғанын анықтады.

Шектеусіз өткен үш ай

Еске салайық, Қазақстанда АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге енгізілген мораторий 2025 жылғы 16 қазаннан 2026 жылғы 31 наурызға дейін жалғасты. Осы кезеңде АИ-92 бензинінің бағасы бір литріне 239 теңге деңгейінде сақталды.

1 сәуірден бастап шектеулер алынғаннан кейін нарық жаңа жағдайларға бейімделе бастады. Бағаның қалай өзгергенін анықтау үшін Caravan.kz тілшісі қаладағы жанармай құю станцияларын аралап шықты.

Айтарлықтай күрт қымбаттау әзірге байқалмайды. Бес жанармай құю бекеттерінің төртеуінде АИ-92 бензинінің бағасы литріне 245 теңгені құрайды. Яғни үш ай ішінде баға 6 теңгеге немесе шамамен 2,5 пайызға өскен.

Тексерілген бекеттердің бірінде АИ-92 бензині тіпті 232 теңгеден сатылып жатыр. Ал АИ-95 бензинінің бағасы литріне 308–323 теңге аралығында болса, дизель отынының құны 334–341 теңге аралығында қалыптасыпты.

Қазіргі баға өсімі халықтың қалтасын қағып жатқан жоқ, десе де сарапшылар бұл алдағы өзгерістердің тек бастамасы болуы мүмкін екенін айтады.

ЕАЭО-ның бірыңғай мұнай нарығы нені өзгертеді?

Алдағы жылдардағы баға өзгерісінің басты себептерінің бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай мұнай және мұнай өнімдері нарығын құру жоспары.

Бұған дейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО-ның ортақ мұнай және мұнай өнімдері нарығы туралы келісім күшіне енетінін мақұлдаған болатын.

Журналист әрі сарапшы Олег Червинскийдің пікірінше, мұндай шешім іс жүзінде одаққа мүше мемлекеттер арасындағы жанармай бағасын біртіндеп теңестіруді білдіреді.

Оның айтуынша, Қазақстандағы бензин бағасы уақыт өте келе Ресей мен Қырғызстандағы деңгейге жақындай бастайды. Қазіргі таңда Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмашылығы өте үлкен, алайда бірыңғай нарық іске қосылған соң бұл алшақтық қысқарады.

«Бағаларды мәжбүрлі түрде теңестіру процесі жүреді. Астана мен Алматыдағы бензин құны Мәскеу мен Бішкек деңгейіне жақындауы тиіс. Бүгінде екі есеге жуық айырмашылық бар болса, уақыт өте келе ол жойылады», – дейді сарапшы.

Бағаны көтеру не үшін қажет?

Жанармай бағасы мәселесі Қазақстаннан арзан отынның шетелге шығарылуымен де тығыз байланысты. Бұған дейін Президент еліміздегі арзан жанармайдың көрші мемлекеттердің экономикасына қызмет етіп жатқанын айтқан болатын.

«Ішкі нарыққа арналған арзан жанармай жаппай шетелге шығарылып жатыр. Нәтижесінде ол ұлттық мүддеге емес, көршілес елдердің экономикасын қолдауға жұмыс істеуде», – деген еді Мемлекет басшысы.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы фактор жанармай бағасын кезең-кезеңімен көтерудің негізгі саяси және экономикалық себептерінің бірі болып отыр.

2026 жыл – өтпелі кезең

Мамандардың бағалауынша, 2026 жыл ЕАЭО-ның толыққанды бірыңғай нарығына өту алдындағы дайындық кезеңі болады.

2027 жылдың басында бағаның бірден өсіп кетуіне жол бермеу үшін Үкімет жанармай құнын біртіндеп көтеру жолын таңдауы мүмкін.

Салыстыру үшін айтсақ, жоғарыда атап өткендей, бізде АИ-92 бағасы 232–245 теңге аралығында болса, Ресей мен Қырғызстанда оның баламалы құны 380–450 теңгеге дейін жетеді.

Жүргізушілерді не күтіп тұр?

2027 жылдан бастап ЕАЭО аясындағы ортақ мұнай нарығы іске қосылған соң одақ елдерінде бірыңғай баға саясаты қалыптасады деп күтілуде. Бұл заңсыз жанармай экспортының көлемін азайтып, нарықтың ашықтығын арттыруы тиіс.

Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, осылайша Қазақстандағы арзан жанармай дәуірі біртіндеп аяқталып келе жатыр.