Биыл бекітілген жоспар бойынша аттестациядан бас тартып, жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіби білім беру мекемелері аккредитацияға көшу керек болған. Алайда министрлік өзіне жүктелген бұл міндеттерді орындамады деп отыр «Ақ жол» фракциясының басшысы. Сондықтан халық қалаулысы Аслан Сәрінжіповтің отставкаға кетуін ұсынды. Ал министр болса Парламент депутаттарын білім беру туралы жаңа заң жобасымен таныстырды. Бұл құжат жұмыс берушілерге өндірістік тәжірибеден өткен жас маманды міндетті түрде қызметке қабылдау сияқты міндеттер жүктейді. Ал мемлекеттік грант есебінен оқыған студенттер кемінде үш жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс. Заң 2017 жылдан бастап күшіне енеді. Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: — Бізге Парламентке келіп, сол заңға жаңа өзгерістер, осы талаптарды алып тастауды ұсынып отыр. Бұл – сұмдық жағдай. Меніңше, бұл министр қолынан келмесе, бағдарламаларды атқара алмаса, Елбасымыздың тапсырмаларын орындай алмаса, ол өз жауапкершілігін ойлау керек. Қай бетімен ол депутаттарға келіп, сол мемлекеттік деңгейде қабылдаған бағдарламаларды асырылмады деп заңды өзгерту керектігін ұсынып отыр. Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі: — Перуашевқа ренжіген жоқпын. Әрине бізде мемлекеттік бағдарлама бар, тапсырмалары бар. Сол бағдарламаның екінші кезеңіне біз өзгерістерді енгіземіз, — деп хабарлады http://24.kz/kz сайты.