Алматыдан небәрі 15 шақырым жердегі Жаңадәуір ауылында 2 мыңға жуық түтін бар. Тек ауыл деген аты болмаса, көптен бері құдды бір қоқыс алаңына айналғандай. Әсіресе, құрылыс қалдықтары мұнда тау-тау болып үйіліп жатыр. Жұрт оны сырттан келетін көліктердің төгіп кететінін айтады. Тіпті жан-жануардың өлексесін тастайтындар көп. Осы үйілген қоқыстың кесірінен іргедегі судың да ағысы тежеліпті. Ал иісі қолқаны қабады.
Жанатбек Рыскелдинов, Жаңадәуір ауылының тұрғыны:
— Демала алмайсың, таңертеңнен кешке дейін. Бала-шаға деп айтпай-ақ қояйын. Тіпті, өзіміз де демала алмаймыз.
Жаңадәуірліктер қоқыс мәселесін көтеріп сан мәрте әкімдікке де, тазалыққа жауапты орындарға да хабарласқан. Тек оны елеген ешкім жоқ. Сөйте тұра, ауыл іргесіне енді жылыжай салынбақшы екен.
Әлия Ахметова, Жаңадәуір ауылының тұрғыны:
-Өздеріңіз ойлаңыздаршы, мына былықтың ортасында көкөніс қалай өседі?! Өссе де, ауру тарататын нәрсе шығады ғой.
Қоқыс үйілген аумақ кезінде әкімдік бақылауында болғанымен, енді атқамінерлер жер жекенің қолына өтті деген жақсы сылтау тауып алыпты. Десе де, иесін жақын арада тауып, тазалатқызамыз деп уәде етті ауыл әкімі.
Нұрлан Әбілқасов, Байсерке ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
—Қазіргі таңда сол жердің иесі кім екені анықталса, сол кісінің өзіне сол жерді тазалату сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Енді сол жердің иесін анықтау керек болып отыр.
Қоқыс кесірінен қазір түрлі ауру таратушы кеміргіштер қаптаған. Егеуқұйрықтар тіпті сыртты қойып, үйлерге де кіре бастапты. Ал жұрт әкімнің уәдешіл екенін білсе де, бір нәтиже болар деген үмітте отыр.