Ақтау – туристтік әлеуеті жоғары қала. Каспий қалалың қақ іргесінде. Аттап бассаң, теңізге табаның тіреледі. Күні шуақты, суы жылы, құмы майда. Алайда жағалаулардың қауіпсіздігі сын көтермейді. Теңіздің тереңі таза емес.
Еділ Есбосынов, құтқарушы:
-Астында темір-терсектер болсын, әртүрлі қалдықтар болады. Көбіне көп спиртті ішімдік қалдықтары ғой, бөтелке сынықтары.
Ақтауда мемлекет меншігінен басқа тағы жеке қолдағы 12 демалыс орны, 5 балалар лагері, 3 жағажай бар. Соның ішінде тек Ақтаудағы 2 жағажай тазартылған. Қалғандары рұқсатсыз жұмысты бастап кетіпті. Әлі күнге дейін облыстағы бір де бір жер иесі демалыс орнының санитарлық тазалығы жөнінде де қортынды алған жоқ. Осындай басты талаптарды орындамағандардың ішінде қалалық әкімдік те бар.
Марал Қадыр, Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы :
—Бүгінгі таңда олар біздің санитарлық эпидемиологиялық қортындыларын алмастан жұмыс жасап отыр. Олардың жұмысының заңдылығына сапасына жауап бере алмаймыз.
Ал, қалалық әкімдік болса, өз жерінен жерініп отыр. Себебі қолымызда суға түсу ережесі жоқ дейді. Оны облыс әкімдігі жасақтап беруі керек екен.
Атқамінерлер осылайша жауапкершіліктен жалтарып жүргенде, демалысқа шыққан балалар жағажайдан шығар емес.
Ал, жалпыхалықтық жағажайлардың жағдайы мынау: суы балдыр, топырағы лас. Әлі сынама алынып, зерттелген жоқ. Эпидемиологтар жаз айларында теңіз суы мен құмынан ішек-құрт ауруларының қоздырғышын жиі табады. Демек, бұл суға түсу –әзірге қауіпті деген сөз. Ал, шомылу маусымы ресми түрде 1-ші маусымда ашылмақ.